Қазақстан да орыс тілді мемлекет, Ресейден айырмасы жоқ – Станислав Черчесов

Qaz365.kz редакциясы

Черчесов Қазақстан құрамасын баптауға неге келісім бергенін түсіндірді

Фото: РФС

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына тағы бір ресейлік маман Станислав Черчесов бас бапкер болды. Ол бір жылдан бері жұмыссыз жүрген еді. Венгриядан қуылған соң, Ресейден ешқайда кеткісі жоқтығын жеткізген. Енді Қазақстан құрамасын баптауға неге келісім бергенін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Осыдан екі ай бұрын шет мемлекеттерде жұмыс істегім келмейді деп айтқанмын. Содан кейін ұсыныстар болды. Қазақстан құрамасы менің концепцияма сәйкес келеді деп ойлаймын. Мұнда мені ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов күтіп алды. Біз сөйлесіп, қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндік. Жобаны бірлесіп жасау керек деп шешім қабылдадық», – дейді Станислав Черчесов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ал championat.com сайтына берген сұхбатында ол жағдайды нақты түсіндірген. Өйткені 60 жастағы маманға тілдік орта өте маңызды.

«Екі жыл Венгрияда жұмыс істедім. Ол жақта ағылшын, неміс тілдерін білу керек. Мен тек орыс тілді ортада бапкерлік қызмет атқарғым келеді. Сондықтан Ресейге оралдым. Қазақстан да орыс тілді мемлекет. Біз КСРО дәуірінде өмір сүрдік. Маған Ресей мен Қазақстанның айырмасы жоқ», - дейді жаттықтырушы.

Айта кетейік, Станислав Черчесов 2016 жылдан 2021 жылға дейін Черчесов Ресей құрамасын жаттықтырды. Сондай-ақ оның бапкерлік мансабында Польшаның «Легия», ресейлік «Динамо», «Амкар», «Терек», «Жемчужина» және «Спартак» және австриялық «Ваккер-Тироль» командалары болды. Соңғы рет Венгрияның «Ференцварош» клубының тізгінін ұстаған.