Теннистен қазақ баласы  «Ролан Гарростың» жартылай финалына шықты

Qaz365.kz редакциясы

Былтыры қазақ баласы Аустралия ашық біріншілігінде сенсация жасаған болатын

Францияда өтіп жатқан теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы «Ролан Гаррос» турнирінің жассөспірімдер арасындағы сайысында қазақстандық Әмір Омарханов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге жұптық бәсекеде өнер көрсетіп жатыр. Бүгін екеуі ширек финалда осы жарыстың үшінші ракеткалары ретінде тіркелген франциялық Томас Форел мен румыния Лука Предамен кездесті.

Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде қарсылас қарымта қайырды - 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте Әмір мен Тимофей жеңісті жұлып алды - 12:10. 
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында олар 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Әмір Омарханов - Тимофей Дерепасконың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.