ҚФФ президенті келеңсіз жайтқа қатысты пікір білдірді
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов баспасөз жиынында болған келеңсіз жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін Астанада өткен баспасөз мәжілісінде қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов жекіп тастаған еді.
«Станислав Черчесовке қазақ тілін білудің қажеті жоқ, ең бастысы – біздің менталитетімізді, дәстүріміз бен мәдениетімізді түсінгені маңызды. Ол біздің тілімізде қысқаша сөйлеп, амандаса білуі жеткілікті. Черчесовтан тек біздің тіліміз бен дәстүрімізді құрметтеу талап етіледі, ал ол өз кезегінде ел футболы үшін өзінің барлық түйгенін береді. Черчесовтың қазақ тілін үйренуі бойынша артық мәселе жоқ және біздің журналистер бұл нәрсені дұрыс қабылдады. Бұл жерде біреудікі дұрыс, біреудікі бұрыс деп айтуға келмейді. Станислав Саламұлының ерекше мінезінен көпшілік хабардар. Біз, қазақтар, барлығына құрмет көрсетеміз», - деді Әділет Барменқұлов Sport24 тілшісіне берген сұқбатында.