Жеңіс пен жеңіліс бірге жүреді
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен 77 келі салмақта финалға шыққан Демеу Жадыраев пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Жеңіс пен жеңіліс бірге жүреді. Халықтың дұға тілегімен осылай финалға жетіп отырмын. Ешкімді бөліп-жармаймын.
Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапониялық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім. Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты. Қолдауларыңызға рақмет. Енді финалды күтеміз», - деді Демеу Жадыраев.
Ол алтын медаль үшін жапон Нао Кусакамен белдеседі.