Өз шәкірттері үшін жанын салып, барын беріп келген бапкер
Әр бапкердің өзіндік сүрлеуі, шәкірт дайындауда ерекше методикасы бар. Бүгінде қанатының астынан шығып, грек-рим күресінде Жаркент өңірінен әлемдік сында атой салып жүрген талай спортшының алғашқы бапкері – Жұмахан Тұрғанбеков, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері болған Нұрбақыт Теңізбаевтың бірінші бапкері. Нұрбақыттан кейін қазақ балуаны грек-рим күресінен жүлде алмаған еді, араға 16 жыл салып Жұмахан Тұрғанбековтың екінші шәкірті Олимпиада ойындарында медальға ие болып отыр. Нұрбақыт та, Демеу де Панфилов ауданына қарасты, Үшарал ауылында дүниеге келген. Екеуіне алғаш күрестің әліппесін үйреткен Жұмахан Тұрағанбеков Кербұлақ ауданына қарасты Алтын Емел ауылының тумасы. Бапкерлік жолын 23 жасында Үшарал ауылында бастады.
Сол кезде жас бапкердің бойындағы албырттық, мақсатқа деген сенімділік, арманға деген адалдық бәрін жеңді. Арнайы жаттығу залы, киінетін, жуынатын бөлмесі жоқ жерден балуандар дайындауға кірісті. Әр әдісті жете түсіндіріп, күрестің айла-тәсілін үйретті. Оның қарапайымдылығы, еңбексүйгіштігі, мақсаткерлігі көп бапкерден ерекшелеп тұратын. Үшарал ауылындағы барлық бала тегіс күрес үйірмесіне жазылып, Жұмахан Тұрғанбековтің тәлімін алды. Електен өткендері жарыстарда топжарды.
Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев өз естеліктерінің бірінде «Әр әдісті қызықты әдіспен үйретіп, ерекше түсіндіретін. Бір ерекшелігі бір жерден басталған әдіс-айлаекінші, үшінші әдістерге ұласып жататын. Мысалы, менің сүйікті тәсілім «диірменді» оңтайыма келтіре үйреткен алғашқы бапкерім еді. Одан кейін жердегі қарсыласты жұлқыған бойда айналдырып тастауға ұзақ дайындалдық»дейді. Әр еңбектің өз өтемі бар. Үйретуден аянып қалмаған бапкермен үйренуге құштар шәкірттің түбі нәтиже шығарары сөзсіз.
Биыл 61 жасқа толған Жұмахан Тұрғамбековтың жүзінен еңбектің табын көруге болады. Өз шәкірттері үшін жанын салып, барын беріп келген бапкердің қиыннан да жол тауып кететіндігі жөнінде Демеу Жадыраев «балаларды жарысқа апару үшін жүгері егіп, соны сататын. Тапқан-таянғанын әр баланың жолына жұмсады» деген болатын. Шәкірттері үшін қара жұмысты да қатар алып, шаруамен айналысқан бапкер кейінгі жылдары денсаулығын әлсіретіп алды. Сонау қырық жыл бұрын басталған ұстаздық жолда талай талант шықса, қазақтың мерейін Олимпиада ойындарында асырған екі балуанның жүлдесі - нағыз еңбектің бағасы.
Дему Жадыраевтың тәртібі, әр істі жоспарлап уақытылы істейтіндігі талай балуанға үлгі. Оны ұлттық құрамадағы жігіттер жиі айтып, «үйренеріміз өте көп» дейді. Оның негізі Жұмахан Тұрғанбеков ақсақалдан басталады. Ол жөнінде Демеу «Бапкеріміз жаттығу кезінде қатал еді. Бізде тәртіп күшті болатын. Бір рет кешіксең, ұрысып алады. Ал сол жағдай қайталанса залдан қуып шығады. Ағайымыз өз ісін сүйетін және ықыласты адамды үйретуден жалықпайтын» дейді. Бала жастан берілген біліммен бойға сіңген әдет ғұмырдың соңына дейін жалғасатындығы сөзсіз. Алғашқы бапкердің бүгінгі жеңісі – Демеудің Олимпиада ойындарындағы жүлдесі.