Олимпиада чемпионының айтқан сөзі желіде қызу талқыланған еді
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов бүгін туған жері Жамбыл облысында тілшілердің сауалына жауап беріп, баспасөз мәжілісін өткізді. Брифингте діни уағыз айтып жүр деген жұртшылықтың пікіріне де өз айтары бар болып шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл жерде жаман дүние айтылмаған сияқты. Уағыз форматында айтылған нәрсе емес. Бұл – менің басымнан өтіп жатқан оқиға. Сол әсермен бөліскім келді. Арнайы адамдарды жинап, уағыз айту мақсатында айтылған дүние емес. Жақындарыммен бөлісу мақсатында айтқан болатынмын. Бұл теріс тәрбие беріп, жаман дүниеге насихаттау деп ойламаймын. Басқа біреулердің шашын бояп, құлағын тесіп жүргеніне қарағанда осындай әңгімелер көп болғаны дұрыс деп ойлаймын», – дейді Елдос Сметов.
Бұған дейін спортшының жақындарының арасында «Олимпиадада дұғаның қабыл болғанын сезіндім. Қарсыластарым көзіме кішкентай болып көрінді» деген сөзі желіде қызу талқыланған еді.
Ал жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев дұға тілеп, Аллаға сыйынғанда тұрған ештеңе жоқ деп отыр.
«Біздің батыр ағамыз Талғат Бигелдинов өзінің дұғасын айтып ұшатын. 13 нөмірлі ұшаққа отырып ұшқан. Ол кісі қанша ұшса да, аман-есен оралған. Әр ұшқан сайын дұғасын айтып отырған. Дұға деген жақсы дүние. Дұға жасаудың арқасында іштей сенімділік болады. Күресі де жақсы болды. Іштен дұғаны айтып жүрген де жақсы», – дейді Ғалымжан Жылгелдиев.