Бірінші айналымда ұтылған балуандардың жеңілісіне кім кінәлі – Ақжүрек Таңатаров жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Ол Олимпиадада алғашқы айналымнан жарысты аяқтаған балауандарға қатысты пікір білдірді

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Париж Олимпиадасында алғашқы айналымнан жарысты аяқтаған балауандарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Олимпиада болған соң, небір сенсациялар кезігеді.  Осы 100 пайыз Олимпиада чемпионы атанады дегендер де ұтылып жатыр. Сол себепті ешкім кепілдік бере алмайды. Біздің жігіттерге келсек, Азамат Дәулетбеков бірінші айналымда жарыстан шықты. Оны бәрі сынға алып жатыр. Шынымды айтсам, спортшының кінәсі жоқ. Оны дайындап, бабына келтіріп әкелетін адам болады. Егер Дәулетбеков ғана кінәлі болса, екі жыл қатарынан әлем чемпионатында жүлдегер болмас еді. Бабы қалай болғаны жаттығуға байланысты. Яғни бабы мен бағы да шаппай тұр. Ал Юсуп Батырмурзаевтың күресіне келсек, мүлдем көңілім толған жоқ. Егер мықты біреумен кездессе ақтап алуға болар еді. Бұл жерде польшалықты жеңуі тиіс болған. Сондықтан Юсуптің өзі кінәлі деп санаймын», - деді Ақжүрек Таңатаров журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында.

Айта кетейік, еркін күрестен екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, 86 келідегі Азамат Дәулетбеков кеше америкалық Аарон Брукске есе жіберген еді. Ал аса ауыр салмақта белдескен Юсуп Батырмырзаев алғашқы айланымда Польша өкілі Робер Бараннан оңбай жеңілді.