Қазақ халқынан кешірім сұраймын – еркін күрестен Олимпиадада ұтылған Әлішер Ерғали

Qaz365.kz редакциясы

Қазақ балуаны қарсыласынан 2:14 есебімен ұтылды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Еркін күрестен 97 кг дейінгі салмақта Париж Олимпиадасыда жолы болмаған балуан Әлішер Ерғали жеңілгені үшін бүкіл қазақ елінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

97 келіге дейінгі салмақта белдескен Әлішер Ерғали әуелі Әлем және Азия чемпионы, бахрейндік Ахмед Тажудиновке есе жіберген. Қазақ балуаны қарсыласынан 2:14 есебімен ұтылды. Соған қарамастан ол жұбаныш белдесуге шығу мүмкіндігіне ие болған. Алайда ирандық балуаннан айласын асыра алмады. Ираннан келген Әмір Әли Азарпир қазақ балуанын 6:1 есебімен ұтты.

«Қатты медаль алғым келді. Дайындығым жетпеді ме, білмеймін. Барша қазақ халқынан кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмадым», - дейді балуан жұбаныш белдесуінен кейін «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында.

«Тажудиновпен күресте неден қателестің» деген сұраққа балуан қателік өзінен екенін мойындайды.

«Басында дұрыс келе жаттым. Тактика – шаршату керек болған. Шаршап келе жатқан кезде бапкерлер айтқандай соңына дейін шаршата беру керек еді. Менің өзім сәл асығып кеттім. Сол асығыстықты ол пайдаланып кетті. Төрт балға түстім. Содан кейін шот ұзап кетті», - дейді ол.

«Алда Лос-Анджелестегі Олимпиадаға дайындаласың ба?» деген сұраққа Әлішер Ерғали «білмеймін, айта алмаймын» деді.