«Назым әлі нүктесін қойған жоқ». Боксшының бапкері мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Боксшыны Алматы әуежайында туыстары, жанкүйерлері, достары мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде күтіп алды

Фото: Тұрар Қазанғапов

Париж Олимпиадасында әйелдер боксынан 50 келі салмақта бақ сынап, қола жүлдегер атанған Назым Қызайбай елге оралды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Боксшыны Алматы әуежайында туыстары, жанкүйерлері, достары мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде күтіп алды.
Спортшы әуежайға келіп, домбырамен ән салып, шашу шашып қарсы алған жақындары мен жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Жеңіске жеткенімді енді ғана сезініп жатырмын, халық өзі күтіп алып жатыр. Барша жанкүйеріме мың алғыс. Барлық жағынан қолдаулары сезілді. Бүкіл қазақ елі сенімін білдірді. Бауырларым, ата-анам, әкемнің ауылдастары да маған үлкен сенім артты. Сондай-ақ италиялық жанкүйерлер қолдау көрсетті», – дейді Назым Қызайбай.


Олимпиада жүлдегерімен бірге оның жеке бапкері Долкунжан Камеков те ұшып келді. Ол өз шәкіртінен жаңа жеңістерді күтетінін атап өтті.
 

«Назым еңбекқор спортшы. Еңбекқорлығының арқасында Қазақстан чемпионатын ұтып, лицензия алып, Олимпиадаға қатысты. Төрт кездесу өткізіп, біреуінде ғана ұтылып қалды. Ендігі жоспарымыз демалып, күш жинау. Меніңше, Назым әлі спортқа нүктесін қойған жоқ. Әлі келесі Олимпиадаға қатысып, алтын алады деп ойлаймын», - деді бапкер.

Естеріңізге сала кетейік, Назым Қызайбай 50 келі салмақта Олимпиаданың жартылай финалына өткен болатын. Бұл кезеңде әлем чемпионы қытайлық Ю Вудан жеңілді.