Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салып жатыр
Түркістан облысының полиция департаменті биыл мамырда денесі дәретханадан табылған үш жасар қыз баланың өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Qaz365.kz порталының ресми сауалына берген жауабында департаменттің баспасөз қызметі осы мәліметті растады.
Сарыағаш ауданында Асылымның денесі мамыр айында дәретханадан табылған.
«Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда», - деп хабарлады департамент.
Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салып жатыр.
Еске салайық, үш жасар Асылым 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында жоғалып кеткен. Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасында қақпаның жанында ойнап жүріп, артынша із-түзсіз жоғалып кеткен. Құтқарушылар мен сүңгуірлер каналдар мен ауладағы септиктерді, құдықтарды тексерген. Іздестіру шарасына полиция, ТЖМ қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
19 мамырда Асылымның денесі көрші үйдің дәретханасынан табылды.