«Айтқан уәделерінде тұрған жоқ»: Министр бокс федерациясын сынға алды

Qaz365.kz редакциясы

Париж Олимпиадасында Қазақстан бокс құрамасы 1 күміс жүлде ғана жеңіп алды

Фото: ашық дереккөзден

Париж Олимпиадасының алдында Қазақстан бокс құрамасы бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алуға уәде еткен. Бірақ сөздерінде тұрмады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бокстан ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қабылданған міндеттемелерге сәйкес олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен оралуға уәде берді. Ал команда тек 1 күміс жүлде жеңіп алды. Екінші Олимпиада қатарынан спортшылар бір де бір алтын медаль ала алмады. Қазақстандық бокс мектебі өзінің көшбасшы позициясының арқасында әлемдік спорт аренасында әрқашан танымал болды. Біздің боксшылар 1996 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Барлығы 61 спортшы қатысып, 22 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 7 күміс және 8 қола. Бокстан ұлттық құрама бұл Олимпиадада ең жақсы нәтиже көрсете алған жоқ», - деді министр.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында ерлер құрамасынан Нұрбек Оралбай 80 келіге дейін салмақта финалға жетіп, күміс медальға қол жеткізді. Қыздардан Назым Қызайбай 50 келіде қола жүлдеге ие болды.