Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында таеквондодан бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алды
Таеквондодан Тунис елінің ұлттық құрамасында табысты еңбек етіп жүрген қазақ жаттықтырушы Есбол Сұлтановтың есімін кеше мемлекет басшысы Ақордада ерекшелеп айтып еді. Бүгін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев министрліктің алқа отырысында шетелде жүрген бапкерлерді елге қайтару қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Аккредиттелген республикалық федерациялар спортшыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірлеуі тиіс. Сосын жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру курстарын заманауи әдістерге сәйкес өткізуді қамтамасыз етуі керек. Шетелдік спорт мамандарын, шет елде табысты жұмыс істейтін отандық жаттықтырушыларды тарту қажет. Сондай-ақ спорттық білім беру жүйесіне жаңа тәсілдер енгізуге ұсыныстар беруі тиіс», – деп атап өтті Туризм және спорт министрі.
Айта кетейік, Есбол Сұлтанов жаттықтыратын Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында таеквондодан бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алды.
Есбол Сұлтановтың өзі спортшы ретінде 2006 жылы Азия ойындарына және 2007 жылы әлем чемпионатына қатысқан.
«Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таеквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет», – деді кеше Қасым-Жомарт Тоқаев.