Ол ата-анасының қолдауымен кимонасын қайта киген
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында биылғы жылы көктемде Азия чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін карьерасын аяқтағысы келгенін айтты. Алайда ата-анасының қолдауымен қайта кимонасын киген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл Олимпиадаға барудың өзі оңай болмады, ауырға соқты. Соңғы 10 жылдықта барған жарысымнан жүлдесіз қайтпайтын едім. Кемі қола медальмен оралдым. 2022 жылы Ташкенттегі әлем чемпионатында да үздік үштіктен көріндім. Сол жарыстың алдында иығымнан жарақат алдым. Бұл менің еркін күресуіме кейін мүмкіндік бермеді. Кейінгі жарыстардан ұтылып қайтып жүрдім. Басқа тұрмақ, өз-өзіме деген сенімділігім азая бастады. Сәуір айында Азия чемпионаты өтті. Сол кезде жетінші орын алған соң, күресті қойдым деп айттым. Осымен тоқтамын деп ойладым. Мына шамамен Олимпиаданы жеңе алмаймын деп ойладым. Ашумен жасалған қорытынды еді», - дейді Елдос Сметов.
Ол бапкерлеріне, жақындарына карьерасын аяқтайтынын жеткізген. Тек жария түрде БАҚ өкілдеріне ғана хабар бермеген.
«Ата-анама айттым. Күресті тастап кетпеуіме себепші болған сол кісілер. Осы алтынды алуыма себепші болған ата-анам. Бапкерлерім қойсаң қой, саған алғыстан басқа ештеңе айтпаймыз деді. Іштей күресті қойғанымды толық сезіндім. Дегенмен осыдан соң әке-шешімнің пікірін білгім келді. Әкем: «Олимпиадаға дейін екі жарыс қалды, бағын жанса барасың. Болмаса сені ешкім қуып жатқан жоқ қой. Өмірі бойы күресіп келіп, екі жарыс қалғанда шыдай алмайсың ба? Ертең өмір бойы өкінесің» деп айтты. Одан кейін анама хабарластым. Мен үйдің кенжесі ерке баламын. Анам жаны ашып, күресті қоя сал дейтін шығар деп ойладым. Алайда анашымның ойы басқаша болып шықты: «Балам, ана жүрегі ешқашан алдамайды, бір жақсылықты сезіп тұрмын» деді. Бұл маған мотивация болды. Әке-шешем үшін күресу керек деген оймен қайта залға келдім. Астанадағы Grand-Slam-ға дайындықты бастадым. Әйтеуір, араға 1,5 жылып, тұғырдан көріндім. Сосын бір аптадан кейін әлем чемпионатында бесінші орын алдым. Күресім жақсара бастағанын сездім. Бабыма келе бастадым», - дейді спортшы.