Көкпардан Қазақстан Өзбекстанды аяған жоқ, енді финалда қырғыздар күтіп тұр

Qaz365.kz редакциясы

Финалдық ойындар 12 қыркүйекте өтеді

Бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар ойындары басталды. Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан көкпаршыларын 16:00 есебімен жеңді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бірінші таймда қазақстандық көкпаршылар 8:0 есебімен алға шықса, ал екінші таймда есепті 16:00-ге жеткізді. Яғни екі кезеңде де 8 салымнан салды.

«Қарсыласымызды өте жақсы білеміз. Өзбекстанға барғанда ойнағанбыз. Аттарымызды барынша дайындадық. Жеңіске жетуге барымызды салдық»,  – деді көкпардан ұлттық құрама спортшысы Құрманбек Тұрғанбек 

«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпар бәсекесіне 9 мемлекеттің құрамасы қатысып жатыр. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы сынға түседі. Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия. 

Финалдық ойындар 12 қыркүйекте өтеді. Қазақстан мен Қырғызстан өзара бірінші орынды сарапқа салады.