«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпар бәсекесіне 9 мемлекеттің құрамасы қатысты
Көкпардан финалдық ойында Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңіп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алғашқы таймда 3:1 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шықты. Екінші таймда есеп теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды.
Үзілстен кейін «алтын салым» салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды қазақстандық көкпаршы салды. Тартысқа толы бәсеке 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.
«Көшпенділер ойындарының оқу-жаттығу жиынын жыл басында бастадық. Елді қуантамыз деген мақсатымыз болған еді. Қырғыз ағайындармен кездесу қиын болады деген едім. Расында солай болды. Десе де ел намысын қолдан бермей, үмітті ақтадық», – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Айта кетейік, бірінші таймда төбелес болып, біраз уақыт ойын тоқтады.
«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпар бәсекесіне 9 мемлекеттің құрамасы қатысты. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы сынға түсті. Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры Қарлығаш Рамазанова көкпардан жеңіске жеткен Қазақстан құрамасының ойыншыларының әр қайсына 5 миллион теңгеден, ал енді көкбөріден жеңсе 10 миллион теңге сыйақы берілетінін айтты.