Федерация көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалғанын мәлімдеді
Қазақстанның Көкпар федерациясы қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойындағы дауға пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Көкпар федерациясы Қырғызстан көк бөрү федерациясының 1 қарашадағы турнирге шақырғанына қатысты мәлімдеме жасады.
«Көпшілік мұны 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап жүр. Қырғызстан тарапы ашық турнирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің басқа турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз», - деді Қазақстанның Көкпар федерациясы.
Федерациядағылардың пікірінше, жұртшылықтың екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырғаны көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді.
«Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгендігінің белгісі ретінде қабылдаймыз», - деді олар.
Федерация көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалғанын, қазақ спортшылары 6 оқу-жаттығу жиынын өткізгенін атап өтті. Федерация тарапынан арнайы дайындықтағы 10 ат сатып алынған.
«Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді. Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді. Көкпар федерациясы айтулы жеңіске қол жеткізген спортшыларымыз бен бапкерлік құрамды бағалы сыйлықтармен марапаттайды», - делінген хабарламада.
Федерация халық арасында қазақ-қырғыз құрамаларының ойыны емес, кейбір түсінбеушіліктер қоғам назарын аудартып отырғанына тоқталды.
«Біріншіден, ереже бұзған қазақстандық спортшы жазасын алып, екі минуттық айып алаңына жіберілді. Екіншіден, қырғыз делегациясының тарапынан төрешілерге ешқандай протест келіп түспегенін де естеріңізге саламыз. Қазақстанның Көкпар федерациясы кез келген келіспеушіліктер спорттық әдеп негізінде шешілуі тиіс екенін атап өтеді. Әлеуметтік желідегі негатив пікірлер, қазақ спортшыларының тарапына айтылған жағымсыз сөздерді де құптамаймыз. Біз қазақ және қырғыз халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, бірақ марапаттау рәсімінде өзіне тиесілі жүлдені шешіп тастау, жеңіске жеткен құраманың әнұранын тыңдамай кетіп қалу – бізге жат қылық. Спорттық бәсеке кезіндегі дау-жанжалдар екі елдің арасындағы ынтымаққа кері әсерін тигізбеуі қажет. Келесіде мұндай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін тәртіптік кеңес отырысы өтетінін, бұл жағдайда тиісті шара қолданатынымызды хабарлаймыз. Спорттағы жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал», - деді Көкпар федерациясы.
Қазақстанның Көкпар федерациясы алдағы уақытта да көкпарды халықаралық деңгейде дамыту және тарату жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
«Әрбір халықаралық турнир – бұл елдер арасындағы достықты нығайту мен ортақ мұраға деген құрметті көрсетуге мүмкіндік. Сондықтан біз болашақта да көкпарды ынтымақ пен бірліктің нышаны ретінде көруге ниеттіміз», - деп мәлімдеді олар.