Аргентинадан ойсырай жеңілген Қазақстан құрамасының капитаны Игита мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

38 жастағы қақпашы бұл соңғы әлем чемпионаты екенін айтты

©instagram.com/kff_team_futsal

Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ширек финалда Аргентинадан жеңілді. Матчтан кейін ұлттық құрама капитаны Игита мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қай кезде де жеңілу қиын. Біз бірінші таймда өте жақсы ойнадық. Бірақ Аргентина қателіктерді кешірмейтін команда. Сондықтан олар екінші таймда біздің осал тұсымызды тиімді пайдаланды. Олар өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Сөйтіп ойын біздің бақылауымыздан шықты. Бірақ мен команданы мақтан тұтамын. Қазір біртұтас отбасы болып кеттік», - деді Игита.

38 жастағы қақпашы бұл соңғы әлем чемпионаты екенін айтты. Ал ұлттық құрамамен Еуродан кейін карьерасын аяқтайтынын жеткізді.

«Бұл менің соңғы әлем чемпионатым. Жартылай финалға өткіміз келді, алайда бәрі менің  қолымда емес. Әлі де денсаулығым жарап тұр. Еуро іріктеу турниріне күшім жетеді деп ойлаймын. Бірақ келесі әлем чемпионатына қатыспаймын. Мен Еуро чемпионатынан кейін карьерамды аяқтаймын», - дейді 38 жастағы қақпашы.

Айта кетейік, Қазақстан бүгін ширек финалда Аргентинаға ірі есеппен есе жіберді. 

Ұлттық құрама Өзбекстандағы әлем чемпионатында D тобына түскен. Алдымен Испаниямен 1:1 есебімен тең түссе, одан кейін Ливияны 4:1, Жаңа Зеландияны 10:0 есебімен жеңді.
Ал 1/8 финалда Португалиядан 2:1 есебімен қапы қалдырса, ширек финалға жолдама алған еді.