Ол министрден тиісті шара қолдануды сұраған
Желіде танымал рилсмейкер, блогер Әлішер Теменов қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізді. Оның бұл видеосы желіде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мұқағали Мақатаев жалпы «жаловаться» ете беретін сорлы еркек болады ғой – вот сондай. «Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, мына адамдар неге жатыр тойламай» дейді. «Ей, сен бл… (боғауыз сөз) бірінші жасасаңшы туған күніңді – сосын барамыз ғой. «Банкет жасап берер едім өзім-ақ, тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» дейді. «Причем» тут, құдай? Сенің туған күніңде үстеліңнің жайылып тұрғаны құдайға байланысты ма? Өзің жаса! Еркексің ғой, не үшін отырсың мына жерде? Отаныңды қорғайсың – еркексің, әулетіңді қорғайсың – еркексің. Әйеліңді қорғайсың – еркексің. Үкіметтен «үйді қашан береді» деп күтіп отырсаң, онда сен еркек емессің», – дейді блогер.
Ол алдағы күндері «осындай рилстарды» түсіргісі келетін сарапшыларды өзінің сабағына (онысы ақылы) шақырды.
24kz арнасының журналисі Азамат Әбілқайыр болса Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан осыған байланысты шара қолдануды сұраған. Бірақ кейін жазбасын өшіріп тастады.
«Мұқағали - ұлттың ұжданы. Мұқағали - қазақ әдебиетін зау биікке көтерген тау тұлғалы ақыны. Мұқағали - қазақтың жүрегі, қазақтың өзі! Өзінің кәсібі, атағы үшін ұлттың ұлы тұлғасына тіл тигізген, оны мансұқтаған, балағаттаған мына өресіз жазасыз қалмауы тиіс! Айыбын мойындап, кешірім сұрауын талап етемін! Сізді ел мәдениетіне жауапты министр әрі руханияттың жанашыры деп білемін. Сондықтан мына ұятсыздық елеусіз қалмауы керек деп есептеймін!» - дейді Азамат Әбілқайыр.