Бүгінгі референдум – барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен күміс жүлдегер Нариман Құрбанов Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша референдумға қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сметов Тараз қаласындағы №82 референдум учаскесіне келіп дауыс берді. Мемлекет үшін маңызды оқиғада азаматтық парызын орындаған спортшы өз отандастарының дауысы келешек үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
«Бүгінгі референдум – барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. Атом электр станциясын салу немесе салмау туралы таңдауды халықтың өзі жасап жатқанын жөн деп санаймын. Өз отандастарымды өз таңдауларын жасауға шақырамын. Себебі елдің болашағы қашан да халықтың қолында. Мен де қарапайым халықтың қатарындағы азаматпын. Менің де дауысым маңызды деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасадым»,- деді чемпион.
Ал Нариман Құрбанов дауысын Алматы қаласында берді.
«Өз дауысыңды беру – әркімнің азаматтық борышы, тіпті міндеті деп айтар едім. Әркімнің өз таңдауы бар және оны жасау керек. Қазақстандықтардың бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайтынына сенімдімін», - деді Нариман Құрбанов.