8-13 қыркүйек күндері Қазақстан астанасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті
Қазақстан биыл Астанада өткен Көшпенділер ойынына 5,7 млрд теңге жұмсап, бар-жоғы туристер есебінен 300 млн теңге тапқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бюджетті бұлай шығындаудың не қажеті бар? Журналистер Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтен осыны сұрады.
«Ұлттық экономика вице-министрі ретінде бұл бағытта жеке пікір білдіргенім өте дұрыс болмайды. Жеке әңгімеден бәлкім, айтармын. Жалпы шешім позитивті болды. Мұндай ірі іс-шаралар қаржылық жағынан болмаса да, басқа жағынан үлкен пайда әкелуі мүмкін», - дейді ол.
Арман Қасеновтың айтуынша, өз лауазымында іс-шараның шығын мен кірісінен хабарсыз екенін айтты. Бірақ журналистер экономист ретінде мұндай шығынның орындылығына қалай баға беретінін қайта сұрады. Шенеунік алдыңғы жауабын қайталады.
«Басқа да оң әсер ететін факторлар бар. Сондықтан біржақты айтуға болмайды. Мәселе жалпы біздің құзырымызда емес. Өз пікірімді білдіріп, тұжырым жасамас едім. Өйткені өз басым анализ жасамаған іс-шаралардың оң нәтижесі бар», - деді Қасенов.
8-13 қыркүйек күндері Қазақстан астанасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы 21 спорт түрінен сайыстар, «Көшпенділер ғаламы» этноауылында мәдени шаралар, ғылыми бағдарлама шеңберінде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты ғылыми-практикалық коференция ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2800-ге жуық спортшы қатысты.
«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда 100-ден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін, көрме, айтыс сайысын өткізді. Белгілі фотожурналист Джимми Нельсон киіз үй ішінен фотостудия құрды.
Сондай-ақ UNESCO, UNICEF, Alageum киіз үйлері тігілді.