Отандасымыз Шавкат Рахмонов MMA-да 18 жекпе-жек өткізіп, бәрін уақытынан бұрын жеңген
Жеңілмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (18-0) желтоқсан айында чемпиондық жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы UFC президенті Дана Уайт мәлімдеме жасады. Отандасымыз жартылай орта салмақтағы чемпион Белал Мұхамадпен (24-3) кездеседі.
Жекпе-жек 8 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында UFC 310 турнирінде өтеді.
«7 желтоқсанда (Қазақстан уақытымен 8 желтоқсан) Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында UFC чемпионы Белал Мұхаммад пен Шавкат Рахмонов кездеседі. Белал алты жылдан бері 11 жекпе-жек бойы жеңіс сериясын жалғастырып келеді. Ол өзінің титулын бірінші рет қорғауға кіріседі. Күрестегі элиталық қабілетіне сенеді. Шавкат мүлдем жеңілмеген. 18 жекпе-жектен 18-ін өз пайдасына шешкен. оның жартысын бірінші раундта аяқтаған. Шавкаттың да қорғанысы мығым. Бұл екі стильдің керемет тартысы болмақ. Белал өз позициясын нығайта ала ма, әлде Қазақстанда тұңғыш рет UFC чемпионы шыға ма?» - деді Уайт.
Еске салсақ, Белал Мұхаммад 2023 жылдың шілдесінде Манчестерде өткен UFC 304 турнирінде Леон Эдвардсты төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетіп, жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы атанды.
Отандасымыз Шавкат Рахмонов MMA-да 18 жекпе-жек өткізіп, бәрін уақытынан бұрын жеңген. Ол соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өткізіп, америкалық файтер Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын.