«Қатесін түсінді». Спорт министрі Черчесовті кешіруге шақырды

Qaz365.kz редакциясы

Министр мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал деп айтты

Үкімет

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны қоғамда қызу талқыланған еді. Осыдан кейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футбол федерациясынан түсініктеме беруді сұраған еді. Ал бүгін министрдің пікірі өзгеріп, жанкүйерлерді кешірімді болуға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құрметті достар! Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын. Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік. Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболшы әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін. Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап !, - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.