Черданцев: "Бұл таза провокация. Сұрақ қойған адам орыс тілін біледі"
«Матч ТВ» комментаторы Георгий Черданцевтің Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың тіл дауына ілігуі жайлы пікірі тарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл таза провокация екені бесенеден белгілі. Сұрақ қойған адам орыс тілін біледі. Сонымен не дегісі келді? 61 жастағы еңбек сіңірген маман шет тілін үйренуі керек пе? Ол Қазақстанға басқа мақсатта шақырылды. Федерацияның баспасөз хатшысы бұл жағдайды шешіп, аудармашыны кем дегенде отырғызуы керек еді. Мәселен, Манчиниге де араб тілінде сұрақтар қоятыны сөзсіз, бірақ олар аударылады. Егер сіз журналист болсаңыз, онда кем дегенде ағылшын тілін білуің керек. Әйтпесе, сіз ол мамандықта не істеп жүрсіз? Журналистің шет тілін білмеуге құқығы жоқ. Бұл журналистика емес, таза провакация. Ол журналист құрылысқа барып істесін. Егер ол осындай патриот болса, онда неге шетелдік клубтың жейдесін киіп, баспасөз мәслихатына келді? Мен өз елімнің футболкасын киер едім, - дейді Черданцев.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қазақша қойылған сұрақты келеке еткен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қатысты шара қолданылғанын мәлімдеген еді.
Туризм және спорт министрлігінің басшылығы интернетте тараған видеоға қатысты федерациядан ресми түсініктеме беруді талап еткен болатын. Видеода Черчесов қазақ тілін қорлайтын мәлімдемелер жасаған. Жаттықтырушыға мемлекеттік тілді құрметтеу қажеттілігіне байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы видео тарады. Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат та жолдаған еді.
«Федерация басшылығы Черчесовке айыппұл салдық деп отырмын. Әрине, Черчесовтің қалжыңы шектен шықты. Мен оған мемлекеттік тілдің өзектілігін түсіндірдім. Станислав Черчесовке айыппұл салынды», – деді Бәрменқұлов.