Жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған
Семейде 12,5 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы құрылысының басталуына орай салтанатты түрде капсула салынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Болашақ заманауи спорт аренасы ұзақ жылдар қараусыз қалған ескі «Пищевик» стадионының орнында салынады. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті. Ауқымды жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Шараға қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев жаңа стадионның салынуы Семей қаласының спортына айтарлықтай ілгерілеуден бөлек, экономиканың дамуына серпін беретіндігін атап өтті. Аренаның заманауи дизайны мен сыйымдылығы УЕФА талаптары мен стандарттарына сәйкес келеді.
Жаңа стадион тек футбол матчтарын ғана емес, ірі мәдени және спорттық шараларды да өткізетін өңірдегі басты спорт нысанына айналады.
Бұл Семейдің футбол тарихын қайта жаңғырту мен оның Қазақстандағы жетекші спорт орталықтарының бірі ретінде оралуына маңызды үлес болып табылады.