Екі баланы жалғыз асырап отырған ол жұмысқа жарамсыз болып қалған
Алматыда тәнін түзетемін деп, ота жасатқан әйел жүре алмай қалды. 34 жастағы келіншек атақты клиникалардың бірінде липосакция операциясын жасатып, бірнеше апта бойы төсектен тұра алмай қалғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап..
Әйгерім Жасқадырова дене бітімін қалауынша өзгертемін деп ұзақ ойланып, талай таңдаудан кейін Алматыдағы танымал, жарнамасы жер жаратын клиникалардың біріне жүгінген. Алғашында ота сәтті аяқталғандай көрінген. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Бірнеше күннен соң келіншектің аяғы ісіп, ауырсынуы күшейе бастаған. Жағдай күн сайын ушыға беріп, ақыры 7 күннен соң әйел клиникаға қайта жатқан. Науқастың айтуынша, дәрігерлер оның ауыр халін елемей, ем көрсетпеген. Ақыры ауру асқынып, аяғын баса алмай, жүріп-тұрудан қалған кезде әйелді басқа клиникаға жіберген.
«Отадан кейін денем ісіп, қатты ауыра бастады. Бірақ клиникадағы дәрігерлер маған «қорықпа, бұл ірің емес, жай ғана ісік. Бәрі өтеді» деп жұбатумен болды. Осылайша мен клиникада бес күн жаттым. Бесінші күні жағдайым тіптен қиындады. Есімді жинай алмай, тіпті сөйлей алмай қалдым. 25 сәуірде анам келді. Мені көріп дау шығарды. Анам талап етіп жүріп, УЗИ жасауға маман шақыртты. Ол басқа клиникадан келген. Сол маман менде серома барын айтты, ал іріңнің бар-жоғын көру керек болды. Сол күні клиника консилиум жинады. Бәрі абдырап, не істерін білмей қалды. Мен екінші клиникаға түскенде, ондағы дәрігерлер мені көріп, шошып, әрең қабылдады», – деді қала тұрғыны Әйгерім Жасқадырова.
Денсаулығынан айырылған әйел әділдік іздеп жүр. Ол липосакцияға 2,5 миллион теңге төлеген. Шарт бойынша, оңалу кезеңінен кейін келіншек өз дегеніне жетіп, қиындықсыз жүріп-тұруы тиіс еді. Ол болса өздігінен аяқ баса алмайды. Еңбекке жарамсыз болып қалған.
«Бұл жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне де арыз түсірдік. Жекеменшік клиникасының лицензиясы, қызметі, науқасқа көрсетілген емнің заңдылығы толық тексерілсін деп талап еттік. Жақын күндері Әйгерімнің алған жарақатының дәрежесі жайлы қорытынды шығуы тиіс. Меніңше, бұл –қылмыстық іс. Өйткені бұл әрекеттер қылмыстық кодекстің аясында – дәрігерлік салғырттық пен тиісінше көмек көрсетпеу баптары бойынша қарастырылады. Оған қоса, Әйгерім моральдық өтемақы алуы тиіс», – деді заңгер Зарина Мәмекова.
Келіншек липосакциядан кейін тағы бірнеше отаны бастан кешіріпті. Ақыры дәрігерлер сепсис анықтап, оның жамбасынан 1,5 литр ірің алып шыққан. Ең сорақысы, осындай халде, ашық жарамен 20 күн жатқан науқасқа 3 рет қан құйылған.
«Науқаста сепсис анықталды. Оның силиконды протездерді имплантациялаумен жасалған маммопластикадан, іш, сан, иық аймағының липосакциясынан, бөксе аймағына жасалған липофилингтен кейінгі жағдайы ауыр. Ауыр дәрежедегі уытты анемия. Отадан кейінгі екінші тәулікте жағдайы нашарлады, оң жақ сан аймағында ісінудің ұлғаюы, ауырсынуының күшеюі, дене қызуының 38,9°C дейін көтерілуі байқалды. Түскен кездегі жалпы жағдайы өте ауыр болап бағаланады», – делінген жекеменшік клиниканың қорытындысында.
Салғырттық танытты деп айыпталған клиникаға барып, мән-жайды білуге тырыстық. Алайда «ешкім жоқ» деп тез шығарып салуға тырысты. Кейіннен біз хирургтің өзімен байланысқа шығып, сұрақтарға жауап алдық. Маманның айтуынша, ота ойдағыдай өтіп, ауытқулар болмаған. Ал науқастың денсаулығының күрт нашарлауын дәрігер келіншектің өзінен көріп отыр.
«Ота жақсы өтті, ешқандай қиындық болған жоқ. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп үйіне жібердік. Бір аптадан соң ол қайта келіп, ауырсынуға шағымданды. Біз оны қайта қабылдап, диагноз қою мен ем жүргізу үшін барлық шараларды жасадық. Диагноз нақты анықталған соң, біз оны мамандандырылған клиникаға жібердік. Қазір сол жақта ем алып жатыр», – деді хирург-косметолог Сергей Карабельников.
Қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, медициналық мекемеге қатысты сараптама тағайындалды.
«Аталмыш дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде арыз тіркеліп қабылданған болатын. Қазіргі таңда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сай, медициналық қызметті көрсету сапасын тексеру бойынша департаментке іс материалдары жіберілді», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Екі баланы жалғыз асырап отырған Әйгерім Жасқадырова жұмысқа жарамсыз болып, оңалтудан өтіп жатыр. Сұлулықтың соңы сұмдыққа айналмас үшін оған сапалы медицина керек. Әзірге науқасқа сараптама нәтижесін күту қалды. Егер кінә дәлелденсе, дәрігерлердің салғырттығы заңмен жазаланбақ.