Қазақстанда отандық дәрі-дәрмек өндірісі екі есе азайды – аудит нәтижесі

Nur-Altay Umirzak

Қазіргі таңда 200-ден астам отандық өндірушінің  34-і  мемлекеттік қолдауға ие болған

Сурет: adyrna.kz

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит қорытындылары талқыланып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2024-2025 жылдары өткізілген аудит дәрі-дәрмек жүйесінде біраз мәселелер бар екенін көрсеткен. Олар өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен дәрі-дәрмектерді халыққа таратуға дейінгі кезеңдерді қамтиды.

2024 жылы фармацевтика нарығы 1,2 трлн теңгеге жетсе, оның 84%-ы – шетелдік өнімдер. Медицина ғылымына 2022-2024 жылдар аралығында 58 млрд теңге бөлінгенімен, биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі әлі толық қалыптаспаған.

«Соңғы 10 жылда елімізде тек 2 түпнұсқа отандық препарат тіркелді. Оған 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды, бірақ олар Ұлттық дәрілік формулярға енген жоқ», – деді Смайылов.

Смайыловтың сөзінше, елде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны екі есе қысқарған.

«Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Қазіргі таңда 200-ден астам отандық өндірушінің тек 34-і ұзақ мерзімді шарттар бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған.