Нарколог маман Құрбан Айтжановтың айтуынша, есірткіге тәуелді адам қылмысқа оңай барады
Сыныққа сылтау іздеп, уақытша қиындықты еңсеру үшін есті кетіретін есірткіге еліккендер қоғамда қашан да бар. Қоғамның ең ауыр кеселіне айналған «жегіқұрттың» емі әлі жоқ. Бар десек те, сандық көрсеткіштер тұрақталмай келеді. Мәселен, ҚР ІІМ дерегінше, биылғы жарты жылда есірткіге байланысты ұсталған 38 жасөспірім тіркелген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мұндай статистика былтыр да болды. Алайда биылғыдан 40%-ға кем еді. Жыл сайын артып отырған дертті психиатр-нарколог Құрбан Айтжанов адамның ішкі көңіл-күйіне байланысты туатынын айтты. Маманның сөзінше есірткіден арылу үшін науқастың соған деген ниеті болуы керек.
«Әркімнің жолы әртүрлі. Бірақ ем — физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік компоненттер арқылы кешенді болуы керек. Өйткені есірткіге тап болған адамдар әуелі бұл жолға қалай келгенін анықтаған абзал. Жалпы есірткіге тәуелді болғандарды емдеуге болады. Емделген нашақорлардың үлесі 3% құрайды. 60-90% көлемінде айтылған кезде, әдетте, есірткіден қысқа мерзімді бас тартуға (1-3 ай) көлемінде көрініс береді. Нашақорлықтың алдын алу үшін ең алдымен мемлекетте қолайлы өмір сүру ортасын құру қажет: өмірдің жоғары әлеуметтік стандарттарына қол жеткізу, жұмыссыздықты азайту, білімге қолжетімділікті кеңейту», – деді психиатр-нарколог Құрбан Айтжанов.
Нарколог маманның айтуынша науқасты тексеріп-қарау барысында оның жақын туыстарымен әңгімелесу өткізіп, сондай-ақ жалпы қан мен зәрге зертханалық талдау жасайды. Қазіргі таңда есірткінің жаңа түрлері мен түрлі химиялық заттарды немесе препараттарды тұтынудың тың әдістері үнемі пайда болыа жатыр. Олардың барлығын қолданыстағы зерттеу тәсілдері арқылы бірден анықтау мүмкін емес. Сол себепті есірткі қолдануға күмән туындаған жағдайда маманға уақытылы қаралу маңызды. Есірткі қылмысқа итермелейді. Есірткі қолданатын адамға келесі «дозаны» сатып алу үшін үнемі ақша қажет, бұл ерте ме, кеш пе қылмыс жасауға әкеледі. Яғни, бұл әрекеттің түбі ұрлықпен аяқталуы әбден мүмкін.
Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті 800 килограмнан астам синтетикалық есірткі мен 13 тоннадан көп түрлі химиялық реагентті заңсыз айналымнан тәркілеп, 16 құпия зертхананың, сондай-ақ 24 халықаралық және 17 аймақтық есірткі таратушы арнаның жолын кесті. Соңғы бес жыл ішінде елімізде есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін 5 мыңнан астам азамат сот үкімімен жауапқа тартылған. Бұл — жыл сайын шамамен мыңға жуық адамның бостандығынан айырылып жатқанын білдіреді.
Ұлттық құрылтайда Президенттің өзі елімізде есірткі қылмыстарының ушығып бара жатқанын ерекше атап, бұл бағытта жаңа нормативтік құжат әзірлеуді жүктеді. Есірткі заттарын жасырып тасымалдаған тұлғалар жаңа заңнамаға сәйкес 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Бұрын бұл мерзім 10 жылға дейінгі жаза ретінде қарастырылған еді. Қабылданған өзгерістер құқықбұзушының жасы мен әлеуметтік жағдайын ескере отырып енгізілді. Жаңа ереже бойынша, айыпталушының бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны және тасымалданған есірткінің мөлшері де жаза тағайындауда маңызды рөл атқарады.