2 қыркүйек күні таңертең Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде жарақат алып, мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтар ата-анасымен бірге Ыстамбұлға ұшып кетті. Ол Түркияда емдеудің екінші кезеңі – толық оңалту курсын қабылдайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Отбасының заңгері Инга Иманбайдың айтуынша, бұл сапар Ербаян үшін шешуші кезең болмақ.
«Алғашқы ем мен операция халықтың жаппай қолдауымен жүзеге асса, бұл жолы үлкен үлесті мемлекет қосты. Үш айлық қымбат әрі аса маңызды реабилитацияға қаржы бөлінді. Ал сапарды ұйымдастыруға Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі көмек көрсетті. Ербаянның ата-анасы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен генерал Қайрат Үмбетовке ерекше алғыс білдірді», – деді ол.
Заңгердің айтуынша, алдағы үш ай Ербаянды аяғынан тұрғызуға жақындататын маңызды уақыт болмақ. Халықтан жиналған алғашқы қаражаттан қалған бөлігі кейінгі ем шараларына жұмсалады.
«Толық қалпына келу үшін қанша уақыт қажет болатынын ешкім айта алмайды. Дегенмен, халықтың қолдауымен, ата-анасының қажырлы еңбегімен және Алланың қалауымен бұл күнге жетеміз деген сенім мол», – деп жазды Иманбай.
Еске сала кетейік, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Ұлттық ұлан алғашында сарбаздың «дәретханада құлап қалғанын» хабарлаған. Бірақ ата-анасы мұнымен келіспей, ұлдарының қастандық құрбаны болғанын мәлімдеген. Жас жігітке бес рет ота жасалып, оның ішінде туыстары рұқсат етпеген миының бір бөлігін алып тастау дерегі де бар. Биыл көктемде Түркияда емнің бірінші кезеңін қабылдаған Ербаян елге оралған еді.