Гонконг тұмауы өршіп тұр: дәрігерлер екі толқын болатынын ескертті

Qaz365.kz редакциясы

2 миллионға жуық адам ЖРВИ жұқтырған

istock

Елде жұқпалы респираторлық аурулардың саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, гонконг тұмауының (H3N2) таралу қарқыны күшейіп, алғашқы толқыны желтоқсан айында шегіне жетпек, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «31 арнаға» сілтеме жасап.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы Қазақстанда 2 миллионға жуық адам ЖРВИ жұқтырған. Оның ішінде 1200-ден астам адамнан гонконг тұмауы анықталды. Бұл вирус аса жұқпалы және ауыр өтетін түрге жатады.

Дәрігерлер аурудың белгілері тез білінетінін айтады: дене қызуы көтеріледі, бұлшық ет пен буын сырқырайды, тамақ ауырады, әлсіздік пайда болады. Денсаулық сақтау министрлігі былтырмен салыстырғанда биылғы эпидемиологиялық ахуалдың күрделірек екенін атап өтті.

– Науқастардың көбеюі қарашаның соңынан басталып, желтоқсанның аяғына дейін жалғасады. Қаңтардың алғашқы апталарында сырқаттанушылар азая бастайды, бірақ көктемге қарай В типті тұмаудың екінші толқыны жүреді, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Айгүл Катренова.

Мамандардың айтуынша, В типті тұмау жеңіл өтеді, ал H3N2 штамы соңғы жылдары мутацияға ұшырап, агрессивті сипат алған.

– Бұл вирус бұрыннан белгілі, бірақ соңғы жеті мутациясы оның таралуын жылдамдатқан. Репродуктивтік индексі 1,4, яғни бұрынғы тұмау түрлерінен едәуір жұқпалы. Гонконг тұмауының негізгі қаупі – оның агрессивтілігінде, – деді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Дәрігерлер аурудың ең үлкен қатері оның асқынуында екенін ескертеді. Кей жағдайларда ол жүрек ырғағының бұзылуына, тыныс алу қиындауына және ми қабынуына әкелуі мүмкін.

Мамандар халыққа екпе алуды ұсынады. Вакцина аурудан толық қорғамаса да, оның ауыр өтуі мен асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді.