«Ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай айтып отырды».Тоқаев анасы туралы естелігін жариялады

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, олардың отбасы қарапайым өмір сүрген.

Фото: іnstagram/@tokayev_online

Бүгін елімізде Аналар күні аталып өтіп жатыр. Осы айтулы күнге орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің анасы Тұрар Шабарбаева жайлы жүрекжарды естелігімен бөлісті, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Оның айтуынша, олардың отбасы қарапайым өмір сүрген. Төрт баланы тәрбиелеген анасы ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей, үй шаруасымен айналысқан. Жанұяның жалғыз асыраушысы – әкесі. Әкесі қаламақы алған күндері үйде ерекше қуаныш орнайтын. Анасы жас болса да, сән-салтанаттан бас тартып, өмірін толықтай балаларына арнаған.

Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент анасының өмірлік даналығы мен батылдығын ерекше атап өтті. Кеңес Одағы тараған тұста Мәскеуде қалу немесе елге оралу жөніндегі шешімді қабылдау қажет болғанда, анасының: «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деген сөзі Тоқаев үшін шешуші бағыт берген. Бұл сөз оған бұйрықтай әсер еткенін ол жасырмады.

Анасы әділдікті бағалап, байлыққа ұмтылған кейбір шенеуніктерге сын көзбен қараған. 

Шешеміз, әрине, кейбір шенеуніктердің аяқастынан қисапсыз байып шыға келіп жатқанын білді, бірақ мұндай тіршіліктің баянсыз және ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай айтып отырды. Өзі де қарапайым тірлік кешті, көзі жұмылғанша көп нәрседен өзін шектеп отырды. Ылғи да ел алдында ұятқа қалмау үшін өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін. Анам да үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын, - деді ол.

Мемлекет басшысы анасы ұсақ-түйек нәрсеге дейін түгел білуді қажет санады дейді.

 Ол кісінің қатысуынсыз ата-аналар жиналысы өткен емес. Төрт баласының оқытушыларының бәрін білетін. Балалық тентектігімізге, жеткіншектік қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайларды түп-түгел сезініп отыратын. Анығын айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ. Ол кісі біздің өмірмен ғұмыр кешті, ал біз оның өмірінің ажырамас бөлшегі едік. .Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер! – деді президент.