Шырша құру қазақ жеріне қашан келді

Qaz365.kz редакциясы
Pixabay

Бүгінде жаңа жылды шыршасыз елестету мүмкін емес. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық қаласындағы алаңдарда шырша құрылады. Оған мемлекет бюджетінен миллиондаған қаржы бөлінеді. Шырша қою дәстүрі қай кезде шыққан? Жалпы шырша құру қазақ жеріне қашан келген? Qaz365.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.  

Патша үкіметі тұсында 

Шырша құру дәстүрі бізге Ресей арқылы келгені белгілі. Ал Ресей жаңа жылды тойлауды Еуропа елдерінен үйренді. ХV ғасырдың соңынан бастап Ресейде патшаның отбасы мен оның айналасындағы бай-бағландар жаңа жыл қарсаңында шырша безендіре бастады. І Петр патшаның тұсында Мәскеудегі Кремль алаңында шырша құрылды. Бұрын Ресей ескі күнтізбені қолданатын және сол күнтізбеге сай жыл басы 1 қыркүйекте басталатын. 1699 жылдың соңында І Петр екі жарлыққа қол қойды. Оның бірі күнтізбені ауыстыру болса, екінші жаңа жылға қатысты еді. Патшаның жарлығына сәйкес жыл басы Еуропа елдеріндегі секілді 1 қаңтардан басталды. Сондай-ақ осы жарлық бойынша жаңа жылды тойлауға мән берілді. Сол күннен бастап тұрғындар бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, сауық-сайран ұйымдастырып, фейерверк, салют атуды сәнге айналдырды. Жаңа жыл қарсаңында алаңдар мен үйлерде шырша құру, оны сәндеу қолға алынды. Алғашқы кезде шыршаны сәндеуге түрлі тәттілер, жемістер, ленталар қолданылды. Кейін шыршаға арналған түрлі ойыншықтар пайда болды.  

І Петр өмірден өткеннен кейін жаңа жылды тойлау біраз уақытқа дейін тоқтап, І Николай патшаның тұсында қайта жаңғырды. 1817 жылғы 24 желтоқсанда патшаның жеке сарайында шырша құрылды. 1818 жылдан бастап шырша Аничков сарайына қойылды. Алайда алғашқы кезде шырша тойына тек патша әулеті мен оның айналасындағы ауқаттылар ғана қатысатын.  

1840 жылдың бел ортасынан бастап жаңа жылды жалпы жұртшылық тойлады. Эрнст Гофманның жаңа жылға арналған «Щелкунчик және тышқандар патшасы» ертегі-повесін Ресей оқырмандары сүйіп оқыды. Осы шығарманың негізінде кейін Петр Чайковский екі актілі балет жазды. Жалпы халыққа арналған алғашқы жаңажылдық шырша 1852 жылы Петербор қаласындағы Екатерингоф вокзалына қойылды. Ал Мәскеуде мұндай шырша Дворяндар үйі алдына құрылды. Кейін жаңажылдық шыршалар басқа да қалалардағы алаңдарда, саябақтарда, театрлар, клубтар, тіпті жеке үйлерде де құрыла бастады.  

Шырша құрудың сәнге айналғаны сонша, XIX ғасырдың соңғы жылдарында шырша ағашының саны азайып, табиғатқа, орман алқаптарына зақым келді. Бұған налыған атақты жазушы Антон Чехов: «Орыс ормандары балтаның астында шартылдап құлап жатыр, миллиардтаған ағаштар қырылып, аң-құс мекендейтін орындар қаңырап бос қалуда», – деп жазды. Көп ұзамай жасанды шыршалар шығарылды. Ресейге Еуропа елдерінен шыныдан жасалған шырша ойыншықтары әкелінді. XIX ғасырдың соңынан бастап мұндай ойыншықтар Ресейдің өзінде шығарыла бастады. Жаңа жылда шырша қою үрдісі 1915 жылға дейін жалғасты. 1915 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда II Николай патша жаңа жылда шырша құруға тыйым салу туралы шешім шығарды. 

Кеңес одағы кезінде 

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін жаңа жылда шырша сәндеу дәстүрі қайта оралды. 1917 жылғы 31 желтоқсанда Петроградтағы Михайлов артиллериялық училищесінде жалпы халыққа арналған жаңа жылдық шырша құрылды. 1920 жылдардың ортасынан бастап елде дінге қарсы күрес басталды. Осы кезде жаңа жылды тойлау, шырша құру поптар мен буржуазияның сарқыншағы деп танылды. Сөйтіп Халық комиссарлары кеңесінің 1929 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен жаңа жылды тойлауға тағы да тыйым салынды. 

1930 жылдардың бел ортасында жаңа жылды тойлау қайта оралды. 1935 жылғы 28 желтоқсанда «Правда» газетінің №357 санында Украинаның екінші хатшысы Павел Постышевтің «Давайте организуем к Новому году детям хорошую елку» деген мақаласы жарық көрді. Ол мақаласында: «Төңкеріске дейінгі кезеңде буржуазия мен буржуазиялық шенеуніктер жаңа жыл сайын өз балаларына міндетті түрде шырша қоятын. Жұмысшы балалар байлардың түрлі-түсті шамдармен жарқыраған шыршасына және оның айналасында көңіл көтеріп жүрген балаларына терезе сыртынан қызыға қарайтын. Неліктен бізде мектептер, балалар үйлері, балабақшалар, балалар клубтары, пионерлер сарайлары Кеңес елінің еңбекші балаларына осы тамаша қуаныштан айырып отыр?» – дей келіп, жаңа жыл мерекесін қайтаруға ұсыныс білдірді. 

Тура келесі күні, 29 желтоқсандағы «Правда» газетінің №358 санында ВЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы Александр Косаревтің мектептер, балабақшалар мен балалар үйлерінде жаңа жылды атап өту жайлы қаулысы жарияланды. Осы қаулыға сәйкес Мәскеудегі Кеңестер үйінің Бағаналы залында балалар мен жастарға арналған шырша мерекесі өткізілді. Мерекелік іс-шараға жаңа жылдың бас қаһарманы Аяз Ата қатысты. Келер жылдан бастап Аяз Атаның жанына Ақшақар қосылды. Содан бастап жаңа жыл мерекесі үзілмей тойланып келеді. 

1947 жылғы 23 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен 1 қаңтар мереке және демалыс күні болып жарияланды. 1954 жылдан бастап жаңа жылдық шырша Кремль сарайында өткізіле бастады. Бір қызығы бұл кезде шыршаға түрлі ойыншықтармен бірге Лениннің, Сталиннің суреті бейнеленген шарларды ілу сәнге айналды. Шыршаның төбесіне Кеңес одағы белгілерінің бірі қызыл жұлдыз қойылды. Осылайша шырша қою идеология құралына айналды. Шырша тойын тойлау барлық мекемелер мен өндіріс орындарына міндеттелді.  

Қазақ даласында 

Кеңес одағына дейінгі жарық көрген басылымдарында қазақ бақуаттыларының жаңа жылды қарсы алғаны, шырша құрғаны жайлы дерек жоқ. Соған қарағанда қазақ даласына бұл дәстүр 1930 жылдардың соңынан бастап келген секілді. Жоғарыда айтқан 1935 жылғы «Правда» газетінде жарияланған идеологиялық іс-шаралардан кейін іле-шала Қазақстан да жаңа жылды кеңес балаларының сүйікті мейрамына айналдыруға асыққанын байқаймыз. Мұның дәлелі – Әбділда Тәжібаевтың 1938 жылы жазылған «Жаңа жыл» өлеңі.  

...Хош келіпсің, дейміз күліп, 
Қол созамыз жаңа жылға. 
Саған деген сыйларымыз: 
Сұлу өмір, тартқан шырға. 
Сен де жассың, біз де жаспыз, 
Көтерейік шаттық шуын, 
Тағы ілгері жөнелейік, 
Партияның ұстап туын, – деп жазады ақын. 

 

Қазақстанда жаңа жылды тойлау партияның насихаты, кеңестік мереке ретінде жүргізілді. Кафелер мен мейрамханаларда жаңа жылдық кештер, маскарадтар, корпоротивтер ұйымдастырылды. Жаңа жыл идеологиясының күшті атқарылғаны сонша, бертін келе бұл мереке халықтың мәдени өмірінің бір бөлшегіне айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары жаңа жылды, шырша тойын біртұтас мереке ретінде насихаттаса, театрлар мен қуыршақ театрларында балаларға жаңа жылдық бағдарламалар ұсынылды. Жаңа жыл жайлы фильмдер түсіріліп, әндер, өлеңдер, басқа да шығармалар жазылды. Мәселен, «Пионер» журналының (қазіргі «Ақ желкен») 1947 жылғы №1 санында Ә.Сүлейменов деген ақынның «Аяз ата» өлеңі жарияланған. Ақын өлеңін Аяз атамен бастап, Сталинмен аяқтайды. 

Аяз ата, аяулы ата! 

Бәрімізге қалаулы ата! 

Жыл басында келіп ылғи 

Бізге қымбат береді сый. 

Атамызды ортаға алып, 

Аршамызды қоршап алып, 

Шаттық жырын жырлаймыз біз, 

Шаттық әнін шырқаймыз біз. 

Шаттық өмір берген бізге, 

Қөп рахмет Сталинге! 

Кеңес уақытында жаңа жылды Сталинмен, коммунистік партиямен қатар дәріптеп, ол жайында жылы өлеңдер жазып, шырша тойын балалардың сүйікті мерекесі ретінде қалыптастыруға күш салынды. Осылайша жаңа жылды атап өту қазақ мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналды. 

Ықылас РАХМАН