Жылқы жылы: мифологиядағы тұлпарлар

Qaz365.kz редакциясы
shutterstock

Жылан жылы жырақтап, жылқы жылы есігімізден енді. Осы орайда Qaz365.kz оқырмандарға қазақ мифологиясында кездесетін пырақ, керқұдан, суын секілді жылқылар жайлы топтаманы ұсынады.  

Қанатты тұлпар – пырақ 

«Жылқы мен қазақ – егіз ұғым» демекші, қазақ дүниетанымында жылқының орны бөлек. Сол себепті қазақта жылқы мифологиясы, жылқы культі жайлы түсініктер қалыптасқан. Қазақ дүниетанымында қанатты тұлпар бейнесі бар. Қазақ аңыз-әпсаналарындағы қанатты жылқы «пырақ» деп аталады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» 12-томында пыраққа: «Қиял-ғажайып ертегілерде, эпостарда кездесетін қанатты тұлпар», – деген анықтама берілген. Пырақ бейнесі бұрын бұйымдарға, киімдер мен әшекейлерге салынған. Ежелгі ғұн, үйсін, сақ ескерткіштерінде (алтын диадема, белдік қапсырма, алтын ритон т.б.) пырақ бейнесі болғанына қарағанда, қанатты тұлпардың тарихы тереңде жатса керек. Бұл жайында тарихшы, этнограф Қалиолла Ахметжан: «Көшпелілердің қанатты аттар бейнесі – олардың өздері өсіріп, ұстанған жылқы, құстардың бейнесінің негізінде жасалған синтетикалық күрделі мифтік бейнелер», – дейді.

Қазақ даласына Ислам діні келгеннен кейін пырақ пайғамбарларға қызмет еткен тұлпар ретінде көрініс тапты. Діни әдебиеттерде Мұхаммед (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың Миғраж сапарына осы пыраққа (бурақ) мініп барғаны айтылады. Пырақ бейнесі қазақтың ауыз әдебиетінде, атап айтқанда «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» т.б. жырларда да кездеседі. Аталған жырларда пырақ батырлардың көмекшісі ретінде суреттеледі.  

Пырақ бейнелері талай ақынның жырына да арқау болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Пырақ бар бес жүз жылдық жолды басқан, Ер тоқым өңшең абзал асыл тастан»; Мағжан Жұмабаев: «Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын, Тілесек бір-бір тұлпар бейне пырақ!»; Несіпбек Айтұлы: «Қайда жүрсің қоңырауың сыңғырлап, Ұстатпайтын періштенің пырағы?»; Ұларбек Дәлейұлы: «Күн асты рухын жетелеп жетер деп, Мың жарым жыл бұрын жоғалған сол Пырақ», – деп жырға қосқан. 

Пырақ (пегас) бейнесі ежелгі грек мифологиясында да бар. Посейдонның ұлы, грек батыры Беллерофонт пырақты ұстап мініп, Химера атты құбыжыққа қарсы шайқасқан. Кейін Беллерофонт Олимп тауына жетпек болып, пырақтың үстінен құлап кеткен. Олимпке жетуге ұмтылғаны үшін Зевс пырақты жазалап, оған өзінің найзағайларын тасу міндетін жүктеген. Кейін Пегас аспандағы шоқжұлдызға айналған. Пырақтың грек мифологиясында өз орны болғаны сондай, ежелгі грек суреттері мен мүсіндерінде де қанатты тұлпар бейнеленген. Пырақ бейнесі сонымен қатар араб (бурақ), кәріс (чхоллима), тибет (лунгта), моңғол (хиймор), башқұрт (ақбозат), татар (толпар) халықтарының мифологиясында да кездеседі. 

Мүйізді пырақ – керқұдан 

Қазақ мифологиясындағы тұлпардың бірі – қанатты һәм мүйізді пырақ (инрог, единорог). Профессор Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, мүйізі бар мұндай мифтік-фантастикалық жылқының атауы керқұдан екен. «Біздің фольклорда мүйізді ат бейнесі бар, аты – керқұдан. Қазақ ауыз әдебиетінде, шежіреде жалғыз мүйізді жылқы ғана емес, бізге түсініксіз, ұмытылған неше түрлы аң-құстардың аты кездеседі» дей келіп, керқұдан бейнесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларында да кездесетінін айтады.

Ал геральдист Айдын Рысбекұлы: «Қазақ фольклорында, шежіреде жалғыз мүйізді жылқы бар. Кейбір деректерде «керқұдан» (керқұлан емес) дейді. Оның ғылыми атауы – инрог, орысша – единорог, татарша – такмөгез», – дейді. Оның айтуынша, көне түріктердің дүниетанымында мүйізді жануар бейнесі жиі кездеседі. «Мүйіз деген – тылсым күш пен биліктің ажырамас атрибуты. Қазақ ұғымында «мүйізі қарағайдай» деген тұрақты сөз тіркесі – жоғары мансапты, «мүйізін қағып алу» деген – күйрете жеңуді білдіреді» дейді Айдын Рысбекұлы. Сондай-ақ геральдисттің айтуынша, жалғыз мүйізді жыртқыш жануар да бар екен. «Оғызнама» жырында кездесетін бұл жануар «қият» деп аталады. 

Керқұдан – пырақтың бір түрі. Айырмашылығы пырақта қанат болса, керқұданның қанатқа қоса сыңар мүйізі болады. Керқұданның қанатсыз түрі де бар. Керқұдан еліміздің елтаңбасында бейнеленген. Елтаңбада екі керқұдан шаңырақты қорғап тұр. Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлихан: «Дәстүрлі қанатты тұлпар – пырақ бейнесі биік самғауды, болашақ туралы арманды білдіргендей. Тұлпардың көкке сермеген қанаттары ортақ отауымыз – шаңырағымызды қорғап тұр. Пырақтың аңыздағы ширатылған ай мүйізі қайсарлықты, қайраттылықты көрсеткендей әрі көне тарихымыздан да хабар бергендей», – десе, ақын Алмас Темірбай мүйізді тұлпар жайында: «Символикалық мәні үшін елтаңбамызда да бейнеленген. Оның сыңар мүйізіндегі жеті буын – жеті ата, қанаттағы үш қауырсын үш жүз деген ұғымды білдіріп бейнеленген», – деген еді.

Айта кетейік, 2004 жылы елімізде елтаңбаны өзгертуге байланысты ұсыныстар айтылып, кейін Президенттің өзі Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда елтаңбаны өзгертуге қатысты арнаулы комиссия құрылатынын хабарлады. Ұзамай Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Елтаңбасын ауыстыру жақын арада қаралмайтынын мәлімдеп, мәселенің күн тәртібінен шығарылғанын хабарлады.  

Есік обасынан табылған Алтын адамның бас киімінен де ешкі мүйізді (басты) қос керқұданның бейнесін көруге болады. Мифолог Серікбол Қондыбай бұл жайында: «Алматы манындағы Есік үйігінен табылған сақ оғланының (Алтын адамның) баскиімінде ешкі мүйізі бар, алтын қанатты (крылатый конь с козлиным рогом) екі аттың кескіні бар, олардың арқаларынан төрт алтын жебе «өсіп шыққан», – деп жазған болатын. Мифологтың жазуынша, мұндай мүйізді тұлпар бейнесі «Қорқыт ата» кітабында да кездеседі. 

Су жылқысы – суын 

Су жылқысын қазақтар «суын» деп атайды және Каспий теңізінде мекендейді деп сенеді. Белгілі бір уақытта суын айғыры теңізден шығып, жағалауда жайылып жүрген бір биеге жақындасады-мыс. Сол биеден туған құлын бәйге бермейтін сәйгүлікке айналады-мыс. Содан болар қазақтар биелерін теңіз жағасында жаюға тырысқан. Бұл жайында мифолог Серікбол Қондыбай «Арғықазақ мифологиясы» кітабында: «Қазақ ертегілеріндегі «су жылқыларына» қатысты мынадай бір мезет бар: атақты жылқышылар теңізде өмір сүретін су айғырларының қай уақытта су астынан жағалауға шығатынын білетін көрінеді. Сондай күндері жылқышы өзінің үйірлеріндегі биелердің таңдаулыларын теңіз (көл) жағалауына жіберіп, сыртынан көздеп тұрады. Уақыты келіп, теңіз астынан шыққан айғыр жағалауда жүрген бие үйірінің ішінен ең болмағанда біреуімен жақындасуы тиіс. Нәтижесінде, суын айғырмен жақындасқан биелерді басқа жылқылардан бөлек бағып, уақыты жеткенде қанатты тұлпар, сәйгүлік болатын құлындарға ие болады екен», – деп жазады.

Мифолог суынды «кәдімгі теңіз жылқысы, басқаша айтқанда, сулардың, толқындардың мифтік тұлғалануы» деп түсіндіреді. Суын жылқысы сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауында орналасқан түркімен, әзірбайжан халықтарының мифологиясында да бар. Түркімендер өздерінің атақты ақалтеке сәйгүлігін осы суынның тұқымы деп біледі. Теңізден шығатын жылқылар сондай-ақ үнді, парсы, түрік, грузин, армян, қалмақ, башқұрт аңыздарында да кездеседі. 

Су жылқысы Еуропа елдерінің мифологиясында да бар екен. Мәселен, 2019 жылы жарыққа шыққан «Мұзды өлке 2» (Frozen) анимациялық фильміндегі теңізден шығатын Эльзаның тұлпары суынды еске түсіреді. Алайда фильм авторларының айтуынша, бұл фильмдегі теңіз тұлпары скандинав мифологиясындағы Нокк деген жылқы бейнесінде мистикалық су рухы көрінеді.

Ықылас РАХМАН