Кер заманның қалыбына сыймаған әйелдер: заманынан тұңғыш болып озған қазақ қыздары

Qaz365.kz редакциясы

Қыздардың білім алуына кертартпа қоғам тосқауыл болған заманда оқу оқып, ағартушы бола алған қайраткерлер

Коллаж Qaz365.kz

Қазақ халқының тарихында елдің діңгегі, ұйытқысы болып, қара шаңырақтың түтінін түтетіп қана қоймай ғылым мен білім, өнер мен ел болашағы үшін күрескен, өзінің ізін салып, атын жазып кеткен әйелдер аз болмаған. 

Халықаралық 8 наурызға орай Qaz365.kz редакциясы ел тарихындағы есімі тұңғыш болып тарихта қалған әйелдер жайлы баяндайды. 

Үммі Гүлсім Асфендиярова

Қазақ қыздарының білім алуының өзі қиын XX ғасырда Үммі Гүлсім Асфендиярова тұңғыш дәрігер-әйел атанып, бала мен ананың денсаулығы жайлы зерттеулер жасап, Орталық Азиядағы кесар тілігі отасын тұңғыш жасаған маман болды. 

Гүлсім (азан шақырып қойған аты — Үммі Гүлсім) медицина саласына өлшеусіз үлес қосты. Оның сіңлісі Мәриям да дәрігер болған. Бұл әулет жайлы ұзақ уақытқа дейін көп деректер айтылмай, жабулы қазан күйі қалған. Белгілісі — Сейітжаппар Асфендияровтың үш ұлы да түрлі жағдайларда қаза тауып, жалғыз Санжар Асфендияров білім алып, кейін қоғам қайраткері атанады. Жалпы Асфендияровтар әулетін қазақ медицинасының негізін бастаушы деп айтуға болады.  

Олардың атасы Асфендияр сұлтан білімді, көзі ашық азамат болған, кіші жүздің ханы Әбілқайырдың тікелей ұрпағы. Солардың ішінде тарихта қалғаны, ең танымалы — Үммі Гүлсім мен Санжар Асфендияров. 
Үммі Гүлсім Асфендиярова 1891 жылы Ташкенттегі қыздар гимназиясына оқуға түседі. Гимназияны өте жақсы бағамен бітірген соң дипломына сабақ бере алады деген жазу жазылады. Сол уақыттағы халықты буған жоқшылықпен қатар ана мен сәбилердің арасындағы өлім өте көп болғанына қарап, Үммі Гүлсім дәрігер болуды армандайды. Осылай Үммі Гүлсім 8 жыл бойы Петербордағы әйелдер медициналық институтында білім алды. 1907 жылы сол медициналық институтында оқып жүргенде қазақ даласынан мемлекеттік думаға сайланған депутаттармен араласқан. 

XX ғасырдың басында жергілікті өңірде білімді мамандар жетіспейтін кезең еді. Петербор университетінің түлегі Үммі Гүлсім туған еліне оралып, қызмет жолын Шымкентте учаскелік дәрігер болып бастап, кейін Хиуа, Ташкент қалаларында бас дәрігер, меңгеруші міндеттерін атқарды. Оның Хиуаға баратыны жайлы әкесіне жазған мынадай хаты сақталыпты:
Үммі Гүлсімнің 1912 жылы әкесіне жазған мынадай хаты сақталыпты:

«Қымбатты әке! Сіз маған құрметті уәзір Акбар Ислам Қожаның хатын жібердіңіз және онда Хиуада жаңадан ашылған ауруханада қандай қызмет атқара алатыным туралы хабарлауды сұрапты. Бұл сұрақ мені тығырыққа тіреді: аурухана психологиялық ауытқуды емдейтін госпиталь сияқты мекемелерде шенділер штаты, оларда қызмет істейтіндер, алдын ала дайындалған және көпшілікке жарияланған қызметкерлер бар. Егер мен қойған талап белгіленген шарттармен сәйкес келмесе, өте ыңғайсыз жағдайда қаламын. Сол себепті мен сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бұл сұрақтың жауабы менің ойымда Хазірет ханның мейірімді рақымының қарауымен шешілуі тиіс. Маған Хиуадағы бұрын-соңды болмаған әйелдер ауруханасындағы жұмыс істеу туралы ұсыныс үлкен сенімнің белгісі болды. Егер мен Хазірет ханның рақымымен Хиуаға дәрігер болып барсам, туған мұсылман халқымның пайдасына адал жұмыс істеуге және Хазірет ханның, оның көңілі ақ тұрғындарының сенімін ақтауға тырысамын» деген.

1913 жылы Үммі Гүлсім Асфендиярова тұңғыш рет 8 айлық нәресте көтеріп жүрген әйелге кесар тілігін жасап, баланы да, анасында аман алып қалады. Бұл тарихтағы Орталық Азиядағы кесар тілігінің алғаш жасалған кезі. Кейін Үммі Гүлсім Ташкентте ашылған перзентхананың бас дәрігері болады. 1920 жылы «Әйелдердің акушерлік курстарын» ұйымдастырып білім беруге көңіл бөлді. Түркістан өлкесінде, әсіресе Ташкент қаласының медицина саласының дамуына және ана мен бала өмірін сақтауда өлшеусіз үлес қосады. 1917 жылы тамыз айында Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкелік қазақ-қырғыздарының жиналысына әкесі Сейітжаппар Асфендияров және інісі Санжар Асфендияровпен бірге қатысады. Үммі Гүлсім осы жиналыста бүкіл ресейлік құрылтай жиналысына ұсынылған 15 депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. 

Фото: Санжар Асфендияров / museum-alzhir.kz

Ақпан төңкерісінен кейін Үммі Гүлсім мен Санжар Асфендияровтың тағдыры қатар өрбіді. 1918 жылы қазанда бүкіл ресейлік мұсылмандар құрылтайы өтті. Делегат ретінде Ташкенттен Үммі Гүлсім Асфендиярова, ал Торғайдан Аққаз Досжанова барды. Екі қазақ қызы да Уақытша орталық мұсылман бюросының құрамында болған. Үммі Гүлсім інісі Санжармен бірге ерікті болып, үйсіз жоқшылыққа тап болған халыққа көмектесу үшін шаралар ұйымдастырған. Санжар Асфендияров қоғамдық қызметпен қатар ағартушылықпен айналысып кітаптар жазды. Үммі Гүлсім Асфендиярова медицинаны дамыту, қазақ жастарын осы салаға тартып білім беруге ықпал етті. Санжар Асфендияров 1919 жылы Денсаулық сақтау халық комиссары, 1920 жылы Түркістан АКСР жер ісі халық комиссары болып тағайындалады. 1928 жылдан бастап 1933 жылға дейін Қазақ мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры болды. Дәрігер Гүлсім Асфендиярова халықтың медициналық білімінің артуына бар күшін салды. Сол кезде Ташкент шығып тұрған «Түркестанский листок», «Туркестанские ведомости» деген газеттерге «әйелдерге кеңес» деген айдармен мақалалар жариялап отырды. 

Бір өкініштісі, 1937 жылғы Үммі Гүлсімнің інісі Санжар Асфендияров ұсталып, оның оқулықтарын оқуға тыйым салынады. Себебі ол өз еңбектерінде қазақ жерін орыс әскерінің жаулап алғаны жайлы ашық жазған еді. 1938 жылы ол «халық жауы» деген жаламен атылып кетті. Санжардың жары Рабиға «халық жауының жары» деген желеумен қудалауға ұшырап, «АЛЖИР» лагеріне айдалып кетті.

Ал Үммі Гүлсім 1937 жылы қайтыс болып, Ташкентте жерленді. Үммі Гүлсімнің шәкірттері көп болған. Солардың ең танымалы — Аққағаз Досжанова. Түсік жасату, әйел мен бала денсаулығы секілді салада қызмет еткен мықты дәрігер Гүлбаһрам Тарабаева да Үммі Гүлсімнің шәкірті болған.

Аққағаз Досжанова

XX ғасырда қазақ қыздарының білім алып, маман болуының өзі қиын заманда Аққағаз Досжанова қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі атанды. Небары 39 жыл өмір сүрген Аққағаз Досжанова өмірін медицина мен халқына қызмет етуге арнады. 

Ол 1893 жылы Торғай облысы Ақтөбе уезі Бөрті болысында дүниеге келді. Қазір ол туған ауыл Мәртөк ауданы деп аталады. Аққағаз әке-шешесінен ерте айырылып, ағасы Сағындықтың қолында өседі. Сағындық Досжанов көзі ашық азамат болған соң қарындасының білім алуына, мамандық таңдауына зор ықпалын тигізеді. Ол «қыз бала оқымайды» деген таптаурын кертартпа қоғамның сөзін тыңдамай, қарындасын Орынбор қыздар гимназиясына береді. Гимназиядан соң 1914 жылы Аққағаз Досжанова Мәскеудегі медицина факультетіне оқуға түседі.

Ол 1917 жылғы қоғамдық істерге де белсене қатысқан Алаш қозғалысының мүшесі. Ол Орынборға аттанған қазақ делигациясының құрамында болған әйел. Сол жылы ол қазақ зиялылары ұйымдастырған медреседегі бас қосуға қатысып, мұсылман елдерінің азат болуы туралы баяндама жасайды. Бұл сол заманда екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік еді. Аққағаз Досжанова қазақ қыздарының білім алуы мен елдің болашағына үлес қосуы жайлы ашық айтқан.

Мәскеудегі оқуын аяқтаған кезеңде Аққағаз Досжанова тура Бірінші дүние жүзілік соғысқа тап болады. Батыр дәрігер-әйел Аққағаз Досжанова шайқас даласына аттанып, госпитальде жұмыс істейді. Жаралыларға көмектесіп жүріп, Польша шекарасына дейін барады. Сол жерде істейтін госпиталь Том қаласына ауысқан соң, Аққағаз қолындағы куәлігінің арқасында Том университетінің медицина факультетінің екінші курсына қабылданады. Том университетін аяқтамай, 1921 жылы Ташкентте ашылған алғашқы жоғары оқу орны — Орта Азия мемлекеттік университетіне ауысып, оны 1922 жылы үздік тәмамдайды. Бұл қуанышты жаңалықтарды қазақ зиялыларының атап өткені жайлы дерек бар. Сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары С.Қожановтың шаңырағында алаштың арда ұлдары Т.Рысқұлов, Ә.Омаров, С.Асфендияров, Б.Сүлеев, С.Айзұнов, Н.Төреқұлов, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, С.Ақаев, т.б. бас қосып, атап өткені жөнінде ақпарат бар. Бұл А.Досжанованың зиялы қауым ортасындағы абырой-беделін анық байқатады.

Тойдың қызған шағында Аққағазға 100 мың сом сыйлық табысталып, құны 10 мың сомнан тұратын хирургиялық жабдықтары бар жұмыс кабинетімен бірге пәтер кілті де қоса тапсырылған екен. Бұл жаңалықты большевиктердің «Правда» газеті:

«Ташкент. 1922 жылдың күзінде Түркістан республикасының медициналық факультетін бітірген, жоғары білім алған дәрігер әйелге – қырғыз қыз Досжановаға Түркістан республиканың Халық комиссариаты 100 000 сом мөлшерін сыйақы (стипендия) беру және өз қаражатына кабинетті жабдықтауды қаулы етті» деп хабарлап, жаһанға жария етті.

Ол Ташкент пен Алматыда медицина енді ғана дами бастағанда адамдарға барынша көмектесті. 

Аққағаз Досжанова 1932 жылы өкпе ауруынан қайтыс болды. Аз ғана ғұмырында ол сол қиын заманда барша қазақ қыздарының білім алып, маман болуға деген сенімін оятып, тарихқа атын жазып кетті.

Нәйлә Базанова

200-ге жуық ғылыми еңбек жазған, алты монография мен «Ауылшаруашылығы жануарларының физиологиясы» кітабының авторы  Нәйлә Базанова — Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор. 

Нәйлә Базанова —1911 жылы Пішпек қаласында дүниеге келді. Әкесі Оразғұл Базанов Семейде дүниеге келген. Ол Қазақ ветеринария институтын бітірген алғашқы қазақтың бірі. Нәйлә Базанова 1932 жылы Алматыдағы зооветеринариялық институтты бітірген. Әр жылдары ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, Эксперименттік биология институтының директоры қызметтерін атқарды. 1951-1966 жылы жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының биология және медицина бөлімінің академик-хатшысы болды. Нәйла Базанованың ғылымдағы еңбегі үшін Кеңес үкіметі оған арнап 1966 жылы Адам және жануарлар физиологиясы институтын ашып, ғимарат салып берген. Нәйлә Базанова осы институтты 20 жыл басқарды. 1990 жылғы аумалы-төкпелі кезеңде бұл ғимарат жабылып, жеке меншікке өтіп кетті. 

Негізгі ғылыми еңбектері ірі қара малдың ас қорыту ерекшеліктерін және жас төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арнал­ған. Ол малдың ішек-қарнындағы мембраналы ас қорыту механизмін ашып, ішек-қарын кенерісіндегі ас қорыту күйіс малына да тән екенін дәлелдеді. Малды пропион қышқылды ашытқыш қосылған сүрлеменің жаңа түрімен азықтандыруды ұсынды.

Айта кетейік, 2026 жылы 6 наурызда Алматы қаласында отандық ғылымның дамуына ерекше үлес қосқан әйел ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушыларын жинап, әкімдік Н.Базанова атындағы алғашқы салтанатты сыйлықты табыстау шарасын өткізді.

Нәйлә Базанова ғылымға тек өз жолын салып қана қоймай, болашақ ғалымдардың шығуына да көмектескен. Оның жетекшілігімен тоғыз докторлық, 20 кандидаттық еңбек қорғалған. Еңбек қорлығымен ғылым жолында жан аямаған Нәйлә Базанова 1986 жылы зейнетке шықса да, өмірінің соңына дейін физиология институтында кеңесші болды.

Балым Қожамқұлова

Балым Қожамқұлова — қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы-әйел. 

Балым Қожамқұлова 1937 жылы 5 қазанда Алматыда дүниеге келген. Оның әкесі — атақты халық әртісі Серәлі Қожамқұлов, анасы — Хадиша да қазақ театр өнерінің жарық жұлдызы. Туған әпкесі Балдырған Серәліқызы Қожамқұлова қазақтан шыққан тұңғыш палеонтолог ғалым, ал екінші әпкесі Рената Серәліқызы Қожамқұлова танымал тіл маманы. Серәлі Қожамқұлов балаларын өнерге баулып өсірген. Театр өнерінде өшпес із қалдырған Серәлі Қожамқұлов дайындыққа кішкентай Балымды да әкеліп жүрген. Сондай бір дайындықтардың кезінде сахнаға скрипкашы шығып, сазды әуенді әуелетеді. Бұл музыкадан бағыт беретін ұстаз Иосиф Лесман еді. Ол әкесінен сол адаммен таныстыруын сұрайды. Содан Балым Иосиф Лесманның сабағын алып, кейін П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен.  

1957 жылы жас скрипкашы оқуын Алматы мемлекеттік консерваториясында жалғастырды. Бір жылдан кейін ол Мәскеудегі Гнесиндер атындағы мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтқа іріктеуден өтіп, халық әртісі, профессор Михаил Фихтенгольцтың сыныбына оқуға түседі. Ол ұстазымен өмірінің соңына дейін жақын араласып, жылы қарым-қатынаста болды. Музыкант өз ұстазының сабақтарының жазбаларын сақтап, кейін оларды шәкірттеріне сабақ беру барысында пайдаланған.

1963 жылы Балым Қожамқұлова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында және К. Байсейітова атындағы орта мамандандырылған музыка мектебінде ұстаздық жолын бастады. Сондай-ақ, А. Жұбанов атындағы Қазақ республикалық орта мамандандырылған музыка мектебінде жұмыс істеді. 1966 жылы қазақ скрипка шығармаларының алғашқы жинағын жасағанда Қожамқұлова Ахмет Жұбановқа оның «Ариясы» мен «Романсын» кітапқа қосуға рұқсат сұрады. Шебердің батасын алғаннан кейін, ол үш бөлімнен тұратын «Қазақ скрипка музыкасының антологиясын» құрастырды, бұл қазақ скрипкашыларын көрсететін құнды еңбекке айналды. 1980 жылдан 1984 жылға дейін Балым Қожамқұлова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының скрипка бөлімін басқарды. Осы қызметте болған кезінде бұл көрнекті музыкант және ұстаз бірінші дәрежелі мамандардың тұтас бір тобын дайындады.

Балдырған Қожамқұлова

170-тен аса зерттеу мен монография жазған Балдырған Қожамқұлова — Қазақтан шыққан тұңғыш палеонтолог ғалым. Ол қазақ ғылымында бұрын болмаған бағытты қалыптастырған тұлға ретінде тарихта қалды.

1930 жылы 30 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген ол отбасындағы жеті баланың үлкені. Оның әкесі, театр майталманы Серәлі Қожамқұлов балаларын өнер жолына баулып, қосымша музыка мектебіне берген. Балдырған пианино сабағына қатысқан. Дегенмен көне қазбаларды зерттеуге қызыққан ол өнер жолын емес, биологияны таңдап қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Биология факультетінде білім алды. 

1954–1957 жылдары Балдырған Серәліқызы Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында аспирантурада білім алып, ғылыми жұмысын палеозоология саласының алғашқы зерттеушілерінің бірі В.С. Бажановтың жетекшілігімен жүргізді. Осы кезеңде ол далалық экспедицияларға қатысып, қазба материалдарын жинап, ежелгі жануарлардың сүйектерін зерттеумен айналысты. Бұл жылдар жас ғалымның ғылыми жолын айқындаған маңызды уақыт болды. Сол кезде ол тасқа айналған сүйектерді жай ғана биологиялық қалдық емес, Жер тарихын түсіндіретін құнды дерек ретінде қарап, палеонтологияны өмірлік мамандығы ретінде таңдады. Қызының осындай күрделі ғылымды таңдағанына әкесі бастапқыда күмәнмен қараған. Кейін ол бұл мамандықтың маңызын академик Қаныш Сәтбаевтан сұраған. Қаныш Имантайұлы палеонтологияның ел үшін аса маңызды әрі болашағы зор ғылым екенін айтып, Балдырғанның таңдауын қолдаған. Уақыт өте келе бұл пікірдің дұрыс екені дәлелденді. Балдырған Серәліқызының табанды еңбегінің арқасында Қазақстанда палеонтология жеке ғылыми бағыт ретінде қалыптаса бастады.

1957 жылы Балдырған Қожамқұлова Батыс Сібірдегі Қасқыр жалы (Вольчья грива) деп аталатын қазба орнына ғылыми экспедиция құрамында барды. Алғашында табылған сүйектер құстарға тиесілі деп ойланған. Алайда Балдырған Қожамқұлованың мұқият зерттеуі олардың мамонт тістерінің тамыры екенін көрсетті. Осыдан кейін қазба жұмыстары кеңейтіліп, бір айға жуық уақыт жүргізілді. Нәтижесінде үш тоннадан астам қазба сүйек жиналды. Экспедиция барысында аталық, аналық және екі мамонттың төліне тиесілі сүйектер табылып, ересек мамонттың толық қаңқасы қалпына келтірілді.
Бұл қаңқа кейін Алматыға жеткізіліп, ғылыми өңдеуден өтті. Қазір ол Ғылым ордасындағы табиғат музейінде сақтаулы. Бүгінде бұл жәдігер Қазақстандағы палеонтологиялық зерттеулердің маңызды символдарының бірі саналады.

1964 жылы Балдырған Серәліқызы «Қазақстанның антропоген дәуіріндегі қазба сүтқоректілері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, Қазақстандағы ежелгі жануарлар дүниесін ғылыми тұрғыда жүйеледі. 1964–1986 жылдары ол Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтындағы палеобиология зертханасын басқарып, палеонтологияның Қазақстанда дербес ғылым ретінде қалыптасуына үлес қосты. Балдырған Серәліқызы 2014 жылғы 14 қаңтарда 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Нәзипа Құлжанова

XX ғасырда қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі жайлы, бала тәрбиесі жайлы сөз қозғаған, Алаш қайраткерлерімен қатар ел қамы үшін күрескен қайраткерлердің бірі Нәзипа Құлжанова — қазақтан шыққан тұңғыш әйел журналист. Сонымен қатар ол ұстаз, этнограф, аудармашы.

Фото: Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов

Нәзипа Құлжанова 1887 жылы Торғай қаласында дүниеге келген. Отбасында шешек ауруынан балалары көз жұмғандықтан, ата-анасы жалғыз қызы Нәзипаны бетінен қақпай өсіреді. Нәзипа Құлжанова Ыбырай Алтынсарин ашқан қыздар мектебінен білім алады. Оқуын аяқтаған соң, 1905 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаз болған. Ұстаздық жұмысты атқара жүріп, этнография тақырыбын зерттеп, мақалалар жазып, талантын танытқан ол 1913 жылы Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне, «Азамат серіктестігі» ұйымдарына мүше болады. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырады. 1915 жылы 13 ақпанда Пертроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмек көрсету мақсатында әдеби кеш ұйымдастырады. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде әйел мәселелеріне байланысты мақалалар жазады.

Нәзипа Құлжанова 1902 жылы Нәзипа Нұрғали Құлжановпен танысады. Кейін оған тұрмысқа шығады. Әуелде найман руының атақты биі Құлжанның әулеті Нұрғалиді тең көрмей, некелерін қиюға кедергі болады. Оның үстіне дәстүр бойынша Нәзипаны ата-анасы басқа адамға атастырып қойғаны белгілі болады. Бірақ Нәзипа Петербордағы Жоғарғы сотқа атастыруды заңсыз санап, арыз жазады. Солай тұңғыш рет осы мәселеде сот өтіп, Нәзипа Құлжанова жеңіп шығады. Сот шешімі бойынша бұрын берілген қалың малды қайтарады. Басына азаттық алып, сүйгеніне қосылған Нәзипанв сол кезеңдегі кертартпа қоғам сөз етеді. Ақыры 1905 жылы Нұрғали мен Нәзипа Семейге көшіп барып, мұғалімдер семинариясына жұмысқа тұрады. Бұл сол тар заманның таптаурын ойларына бағынбай, еркіндік үшін, адам құқығы үшін күрескен қазақ қызының қайсарлығы деп айтсақ болады. Нәзипа Құлжанова 1917 жылы Семей облысы қазақ сиезінің төралқа құрамына қосылды.

Нәзипа Құлжанованың өмірі күрделі әрі күреске толы болды. Жары екеуі қазақ халқы үшін үлкен еңбек сіңірді. 1919 жылы Құлжановтар әулетінде қайғылы жағдай болады. Ақ гвардияшылар қайта құру бағытын ұстанды деп Нұрғали Құлжановты атып тастайды. Осылайша Семейдегі қазақ балаларының білім алуына үлкен ықпал еткен ағартушы азамат қайтыс болды. Ол Нәзипа Құлжанованың қоғамдық жұмыстармен айналысып, білімін ел игілігіне қызмет ету үшін пайдалануына қолдау көрсеткен бірден-бір азамат болған.

Айта кету керек, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді Алаш азаматтарына осы Құлжановтар ұстаздық еткен.

Нәзипа Құлжанова жұбайынан айырылғаннан кейін Алматыға көшуге мәжбүр болады. 1920 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару, баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссияның құрамында жұмыс істейді. Осы жұмыста жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комитеттің құрамына енген. Нәзипа Құлжанова 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі болады. Ал 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1925-1929 жылы «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтер атқарады. «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған. 

Нәзипа Құлжанова 47 жасында қайтыс болады.

Мәдина Бегалиева

Мәдина Бегалиева — қазақтың металлург-инженер қызы, қазақ әйелдерінің құқығы жайлы мәселелерді көтерген тұлға.

Ол 1899 жылы Бөкей ордасындағы Қылқанды ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы орыс байларының үйінде қызмет істеп, отбасын асыраған. Соған қарамастан Мәдина кішкентайынан білімге құштар болды. Бос уақытын кітап оқуға арнап, алты жасында Құранды жатқа оқыған. 1907 жылы ол қоғам қайраткері Алма Оразбаева мен бірге қыздарға арналған орыс-қазақ училищеде оқыды. Кейін екеуі педагогикалық курста білімін жалғастырды. Оқуын аяқтаған соң Бөкей ордасының шалғай Жаңғала ауылына барып, балаларды оқытты. Ол кезде ауылда мектеп те болмаған, сондықтан сабақ кейде далада өтетін. Кейбір ата-аналар балаларын мектепке бергісі келмей, «шоқындырып жібереді» деп қорыққан. Бірақ Мәдина ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, білімнің маңызын түсіндіріп, балаларды оқуға тарта алды.

Ұстаз ретінде ол тек әріп танытумен шектелмей, балалардың ой-өрісін кеңейтуге, саналы болып өсуіне мән берді. Сонымен қатар әйелдердің жағдайын жақсартуға, олардың қоғамдағы орнын көтеруге күш салды. Ауыл әйелдеріне дәріс оқып, драма үйірмелерін ұйымдастырды, әйелдердің тек үй шаруасымен ғана шектелмей, түрлі салада еңбек ете алатынын түсіндіруге тырысты. Ақпан төңкерісі кезінде Алма Оразбаевамен бірге білім мәселесі, әйел құқығы, денсаулық мәселесін көтерді. 1923 жылы Мәдина Мәскеуде өткен Шығыс халықтары әйелдерінің бүкілресейлік жиынына қатысып, онда қазақ әйелдерінің жағдайы туралы баяндама жасады. Сол жерде революционер Валериан Куйбышевпен және белгілі қайраткер Клара Цеткинмен кездескен.

1931 жылы Мәдина Мәскеуге барып, марксизм-ленинизм курстарында оқыды. Кейін Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясына түсіп, түсті металдар факультетін тәмамдады. Осылайша ол инженер-металлург мамандығын алған алғашқы қазақ әйелдерінің бірі болды.

Оқу бітірген соң Балқаш мыс қорыту зауытында жұмыс істеп, өндірістің дамуына үлес қосты. Жас мамандарды тәрбиелеуге, жаңа кадрлар дайындауға да атсалысты. Мәдинаның күйеуі Ғали Бегалиев те ұстаз әрі ғалым болған. Ол қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша еңбектер жазған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиеледі. Қиын кезеңде өмір сүрсе де, Мәдина Бегалиева білім саласына, қоғамға қызмет етуге бар күшін салды. 

Бұл заманның кертартпа түсінігіне қарамай, ер азаматтармен қатар білім алып, тіпті сол заманда «мүмкін емес» дейтін өмірді сүріп, қоғамға, халыққа қызмет ете алған әйелдердің бір парасы ғана. XX ғасырдың басындағы қазақ әйелдері бүтін бір жүйенің өткелін басып өтіп, ұлтына «Оян!» деген тұлғалармен бірігіп, білімнің, күрестің бастауында тұрды деп айтуға болады.