12 адам бас қосқан Solaqailar атты әдебиет және өнер клубында драмматург, режиссер, жазушылар және ақындар бар
Қазақ әдебиетінің кеңістігінде жаңа өріс қалыптасып келеді. Жаңаша ойлау, еркін шығармашылық ізденіс пен көркемдік экспериментке негізделген Solaqailar әдебиет және өнер клубы 16 наурыз күні сайтын іске қосты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақ әдебиетіндегі әдеттегі соқпақпен жүрмей, жаңаша бағыттағы шығармалар жазып жүрген қаламгерлердің ұжымының құрылғанына он жыл болған. Биыл ақпан айында ұжым қайта жиналғанын жариялап, әлеуметтік желілерде парақшаларын ашыпты. Жаңа сайтта әлемдік әдеби үдерістен хабар беретін шығармалар, аудармалар, сын мен өнердің әр жанры бойынша мақалалар жарық көреді. Бұл қазақша әдеби контенттің өрісін кеңейтіп, әдебиетшілердің қазақ тілінде жаңа форма мен өнер кеңістігі туралы ақпарат алуына жол ашпақ.
«Қазақ әдебиеті ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өлшемдер мен үйреншікті сүрлеудің аясында дамып келді. Поэзияда ұйқас, тақырып, форма, тіпті ақынның «қалай жазуы керек екеніне» дейін бейресми қағидалар орнықты. Осындай қалыптасқан түсініктерге өзгеше көзқарас танытқан Solaqailar әдебиет және өнер клубы 2016 жылы Алматыда құрылып, әдебиетке жаңа серпін әкелген шығармашылық орта ретінде танылды. Клуб мүшелері өлең жайлы қасаң қағидалардан, дәстүрлі ұйқасқа тәуелділіктен арылып, көркем мәтінге басқа қырынан қарауға ұмтылды. Олар әдебиетті тек форма немесе стиль мәселесі ретінде емес, адамның ішкі әлемін, мәдениеттер тоғысындағы жеке тұлғаның күйзелісі мен рухани ізденісін зерттейтін кең өріс ретінде қарастырады. Шығармашылық ізденіс тек авторлық мәтіндермен шектелген жоқ. Клуб мүшелері қазақтілді аудитория есімін білгенімен, шығармашылығы кең таныла қоймаған әлем әдебиетінің ірі тұлғаларын қазақ тіліне аударып, оқырман қоржынына тың дүниелер қосты. Бұл еңбек арқылы жаңа бағыттар мен ағымдар туралы түсінік кеңейіп, әдебиетке қызығатын жас буынның таным көкжиегі айтарлықтай ұлғайды», – деп жазды Solaqailar желідегі ресми парақшасында.
Айта кетейік, Solaqailar клубының авторлары драматургия мен проза саласында да «үйреншікті» тақырыптардан гөрі адам психологиясына, ішкі қайшылықтарға, болмыс мәселесіне үңілетін күрделі туындылар жазуға ден қойып келеді. Олар «ұлттық әдебиет» ұғымына жаңа қырынан қарап, кеңес дәуіріне дейінгі қазақ ауыз әдебиеті мен мифтік дүниетанымнан да жауап іздейді.