Катарсис және өнердегі Құдай бейнесі
Өнер туындыларының көбісі ықылым заманнан бері Құдайға арналған. Ең ежелгі өркениеттер: Месопотамия, Мысыр, Грек елдерінің бәрі де Құдайларға арнап мүсіндер мен суреттер салып, сансыз құлшылықтар жасағаны тарих беттерінде тайға таңба басқандай анық жазылған. Ежелгі өркениеттерді саралап қарау, мәдениеті пен өнерінен өнеге алу арқылы көңіл көкжиегінен бұлықсып жатқан бұлақтай білімнің көзі ашылатынын, руханияттың көтерілетіндігі үшін де әлем елдері өнерді бірінші орынға қояды.
Qaz365.kz редакциясы мың айдан да қадірлі Рамазан айында әлемді таңдай қақтырған туындылар мен сол заманның түсінігі жайлы танымдық ақпаратты назарларыңызға ұсынады.
Өнердегі Құдай бейнесі жайлы сөз болғанда қашанда орта ғасырдағы христиан діні жайлаған Еуропадағы суретшілер мен мүсіншілердің еңбектері айтылады. Шіркеу адам санасы мен тұлғалық болмысын, ой еркіндігін тұсаулағанымен осы дәуірдің өзінде готикалық немесе варварлық деген атпен өнердің тағы бір түрі дамыған. Бұған себеп Ғұндардың батысқа жылжуы, герман тайпаларын ығыстыруы, Батыс Рим империясының құлауы. Италиядағы XIV ғасырдағы Қайта өрлеуге дейін осы өнер басым тұрды. Ал қайта өрлеудің ірі тұлғасы, ұлы данышпан Микеланджело Буонаротидің өнерге әкелген «төңкерісі» — Сикстин Капелласы. Шіркеу төбесіне салынған сюжетте Адам ата мен Хауаның жұмақтан қуылуы, пайғамбарлар өмірі мен әулие-әмбиелерді бейнелеу өнері арқылы кескіндейді.
Фото: Сикстин Капелласы / Wikipedia
Осынау таңғажайып шым-шытырық, киелі кітапта айтылған оқиғалардан ең алдымен көзге түсетіні Адам және ғайыптан пайда болған Құдай бейнесі.
Фото: Wikipedia / «Адамның жаралуы»
Таң-тамаша қалдыратыны осы Құдайдың қасындағы періштелерімен бірге шымылдықтан шыққан сұлбасын анықтап қарар болсақ, ол адамның миының суретін салғанына куә боламыз.
Құдайдың кескінінде жасырынған бұл миды 1990 жылы дәрігер Фрэнк Мешбергер байқаған. Дәл осы сәтте Микеладжело анатомияны жіті зерттеп, миды саналы түрде өзі салды деген гипотеза пайда болды.
Театр дегеніміз — діни орын
Мәдени орталық деп санап немесе кейбіріміз тіпті аттап баспайтын ғимарат — театрға келер болсақ, сол дәуірде бұл киелі діни орын болған.
Адамның әрбір іс әрекетімен, өмірімен Құдай қашанда байланыста болды. Егер біреуді сүйсең, міне саған махаббат құдайы Афродита. Сапарға шықсаң, сені желеп, жебеп жүретін Зевстің ұлы Гермес. Бірақ бұлардың құдайлары адамға жәйдан жәй көмектеспейді екен. Құдай көмегін алу үшін пенделері ауыр қайғы кешіп, өкініш пен аяушылықты бастан өткеруі керек. Бұл қайғы — қараған басыңның қайғысы емес, өзге біреу үшін жаның ашып, жүрегіңнің ауыруы. Аристотельдің Поэтикасына зер салсақ бұл хәлді гректер «Катарсис» деп атайды. Ал оған жету үшін қарапайым халық театрға барған. Міне, осылайша діни орталықта трагедиялық сюжеттер сахналанған.
Ең қызығы сюжет адамдар туралы ғана емес, құдайлар жайлы мифологиядан басталып, тағдыр тәлкегіне түскен кейіпкерлер азап шегіп көрермен көкірегінде аяныш сезімін оятқан. Трагик ақындар оқиғаны тікелей мифтен алған.
Қазіргідей автор шығарманы өзі жазып, мінез бен образды өзі жасаған болса, сол дәуірдің бір грек азаматы ойланып тұрып: «Киелі Олимптің құдайларына түк қатысы жоқ, біреудің «фантазиясы» кімге керек?» дер ме еді? Бұл оларға құдды бір Азанды мешітте емес, басқа жерде ән ретінде сахнада айтқан секілді тым оғаш көрінер еді.
Бізді таңқалдыратыны мәңгілік өмірді сүру, Олимп құдайларымен мәңгілік мәз-мейрам өмірді кешу тек Құдайларға тән немесе жартылай құдай жартылай адам қаһармандарға (құдай мен адамның баласы. Мысалы, Геракл). Сондықтан ежелгі дүниедегі адамдар көз жұмған соң бәрі бір жер асты патшалығына түсетінін біліп, осы өмірдің бар бақыты мен шаттығына бөленіп, бір-ақ рет берілетін өмірдің қадірін анық түсінген. Ал кейін келген иудаизм, христиан, ислам т.б. көптеген діндерде мәңгілік өмір, яғни жұмақ пен тозақтың бар екені айтылады. Көптеген адамдар арғы дүниенің бақыты үшін, осы өмірден баз кешіп жатады.
Өнердегі Құдай бейнесі
«Құдайдың» тек әдебиетке ғана емес өнерге де өз үлесін қосқанын айта кету керек. Шын мәнінде адамның ақылы мен жігерінің құдіретін көрсеткен туындылар әр дәуірде бар.
Ежелгі дүниелердің тозып, бүлінген соң олардың сол кездегі кереметін біз тек елестете аламыз. Мысалы гректер жасаған туындылардың тек Римдік көшірмелеріне қарап, олардың қаншалықты сұлу әрі теңдесі жоқ болғанын қиялымызбен болжап көреміз. Мүсіндердің бүлініп, сынғанына қарамастан, тіпті денесі ғана сақталған болса да кейбір туындылардың көз тартарлық сұлулығына таңданбай тұра алмайсың.
Фото: Wikipedia / Махаббат пен сұлулық құдайы милолық Венера ( б.з.б. 130-100 жылдар)
Фото: Wikipedia / Фото: Жеңіс Құдайы Ника, Б.з.б. 400 жылдар
Мысалы, ежелгі антика туындыларының бірі Жеңіс құдайы Никаның қабырғаға қашалған бейнесі. Бұл туынды өте көне болған соң анық көрінбейді. Дегенмен бұл туындының ғажаптығы — мұнда бір көрініс бар. Жеңіс құдайы асығыс, шешіліп қалған аяқ киімін кию үшін қалт тоқтап тұр. Оның үстіндегі матаның үлбірегені қалай бейнеленгенін көріп сол автордың шеберлігіне таңқалмасқа болмайды. Енді ойлай беріңіз, бұл біздің заманымыздан бұрын төрт жүзінші жылдарға жататын жәдігер.
Құдайдың қарапайым адамдарша аяқ киімін өзі киюге иілгендігінен, өнер адамдарының шығармаға тек діни жағынан емес, көркемдік-эстетикалық жағынан да қарап, адамның қозғалысын қиналмай жеткізгенін байқауға болады.
Ника құдайдың бедерінің авторы Фидий деген деректер бар. Өткен IV мыңыншы жылдықтан бері осы дәуірге дейін Фидийдің есімі өлмей келе жатуы ғажайып емес пе? Ғажайып мүсінші Фидийдің ежелгі құлдық негізге құрылған демократиялық Афинадан екенін білеміз. Осындағы алып, сәулетті, сұлу ғимараттар мен олардың фриздерін безендірген атақты мүсінші Фидий мен оның шәкірттері. Мамандар Фидийдің киім сыртынан қарағанда адамның жалаңаш етін бейнелеудің асқан шебері болған дейді.
Фото: Wikipedia / Кемпірқосақтың Құдайы Ирида, Парфенон фризінен
Фото: Wikipedia / Зевстің Олимпиядағы мүсіні. Әлемнің үшінші кереметі
Ежелгі Афинаның даңқты мүсіншісі, сөзсіз ұлы туындылардың авторы, құдай бейнесін танытушы Фидийдің қолынан әлемнің жеті кереметінің бірі -Зевстің мүсіні шыққан. Құдайлар бейнесін танытушы атағын алып, бәлкім расымен де еш туындысы толық жетпесе де, бір тылсымның құдіретімен Фидийдің аты өлмей келе жатқан болар.
Өнердің бастауы тылсым күшке, дінге, ғибадатханаға, яғни жоғарыдағы Құдайға құлшылықтан басталып, ғасырлар бойы қарыштап шырқау шыңына жеткенде адамның ақыл санасынан туған ұлы әрі сондай көркем үдеріске айналғаны — адамзаттың бағындырған асқақ шыңы.
Біз әлі күнге дейін Құдайға қолымызды созып, айға ұмтылған баладай талпына береміз. Сіздің ұмтылысыңыз қандай болмасын, оның сізге жөн сілтейтін алдыңыздағы рухани жарық жұлдызыңыз екенін ұмытпағайсыз. Данышпан болып кетпесеңіз де, «Құдайға апарар жолда» біліміңіз бен руханиятыңызды үнемі толықтырып отыруға мүмкіндігіңіз бар.
Қарғалдақ