Амал келді, жыл келді!
Көктем келіп, дүние түлеген сәтте тойланатын Наурыз — мыңдаған жылдық мәні бар, халықаралық мереке. Тарихы терең Грек, Рим, Орталық Азияда таралған Наурыз мейрамының шежіресіне үңілген адам біздің тарихымыздың қаншалықты терең екенін байқайды. Ұлыстың ұлы мейрамынан Кеңес одағының құрамында болғанда айырылып қала жаздаған кездер болған.
Qaz365.kz редакциясы Ұлыстың ұлы күні жайлы деректерді назарларыңызға ұсынады.
Наурыздың тарихы 5000 жылға созылып жатыр. Біздің заманымызға дейін зороастризм дінінің дәурені жүріп тұрған кезде пайда болған мереке бүгінге дейін көп өзгеріп жетті. Ең алғаш бұл Заратуштра жасаған діннің жылдық цикліндегі 7 негізгі мерекенің соңғысы болып тойланды. Бұл күн Ахура-Мазданың жеңісі, соның жылы басталатынын және Зұлымдық Рухы Ангра-Майньюдің жеңілген күні ретінде белгіленген. Сондай-ақ жоғарыда атап өткеніміздей, от пен Аша заңдылығына, алты Жоғарғы Рухтың біреуіне арналған жеті мерекенің соңғысы.
Фото: Заратуштра ежелгі Дура-Европос қаласы (Сирия) / III ғасырға жататын фреска
Көне парсы тілінен Наурыздың «нау» (ноу) жаңа, «руз» күн екені, оның исламға дейінгі зороастризмдегі Күн культімен байланысты екенін естіп жүрген шығармыз. Әртүрлі деректерге сүйенсек, Наурыз туралы ең алғаш «Авестада» жазылған. Кейбіреуі бұл мереке туралы антикалық тарихшы Страбонның еңбектерінен де кезіктіруге болады дейді. Ықылым заманда Наурызды 13 күн тойлаған кездер болған. Алғашқы бес күні жаңа күнді қарсы алу, жақындарың мен туыстармен кездесуге арналған. Ал 13-ші күні Сизда-Бедар деген атаумен белгілі болған, яғни, қазақша аударғанда «сыртқы шығу» деген мағына береді. Бұл күні адамдар сыртқа шығып, табиғат аясында болған.
Мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мейрамның не себепті Наурыз деп аталғанын түсіндірді. Оның сөзінше, тұран жұрты мен парсы халқы аралас-құралас болған соң ортақ сөздеріміздің, ортақ атауларымыздың болуы хақ.
«Бұл өте ежелгі мереке екені түсінікті. Барлық ұлттарда төрт мезгілдің әрқайсысы өзінше тойланды. Парсыша атау алынған. Алайда бұл өте көне, жалпы адамзатқа ортақ мейрам екені анық. Біздің тарихымызда парсылар мен түркілер өте тығыз байланыста болған кезеңдер бар. Екі елдің тілі қатар өріліп, мәдениетінде көрініс тапты. Міне, сондықтан парсылар және басқа ұлттарға ортақ мейрамымыздың болғанына таңқалудың қажеті жоқ», — деді Зира Наурызбай.
Ұлы Жібек жолы осы кеңістікті кесіп өтіп, тек сауда емес, рухани алмасудың да алтын көпіріне айналды. Сол ықпалдастықтың бір көрінісі — Наурыз мейрамы. Оның қазақтар үшін сипаты қандай еді? Наурыз – қазақ үшін жай ғана мейрам емес, табиғатпен үндескен, тіршіліктің жаңаруын бейнелейтін ерекше күн. Ежелден халқымыз күн мен түн теңелген шақты жаңа жылдың бастауы деп қабылдаған. Табиғаттың әр құбылысын жіті бақылаған дала халқы ай мен жұлдызға қарап уақытты дәл анықтай білген. Көктемнің дәл осы сәтінде қазақтар егін егуге кірісіп, жаңа тіршілікке қадам басқан. Наурыз түні ыдыстарды сүтке, айранға, дәнге толтырып қою – молшылықтың нышаны саналған. Таң атқанда адамдар бір-бірімен төс түйістіріп амандасып, ақ тілектерін айтқан. Ер азаматтар бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызса, жастар ұлттық ойындар ойнап, ел ішінде шаттық орнаған.
Орта Азиядағы тарихы
Араб халифаты кезінде ислам дәстүрінің тыйымдарына байланысты Наурыз біраз уақыт ұмыт болды. Бірақ кейіннен Иранның алғашқы династиялары қайта жаңғырып, Наурыз қайта оралып, бұрынғыдан да маңызды мерекеге айналды.
Уақыт өте Орталық Азияда да орнығып алды. Көшпенді ру-тайпалар мезгілдердің ауысына, Күн мен жұлдыздардың орналасу ретіне қарай бұл мерекені икемдеп алды. Наурыз олар үшін жаңа мезгілді қарсы алу мен мал-жанның амандығына, астықтың молдығына алғыс айту күніне айналып кетті.
Наурыз көженің де тарихы сол мерекемен тұспа-тұс келеді. Зороастризм дінін ұстанушылар мереке кезінде әр қайсысы қуат, денсаулық немесе даналықты білдіретін жеті түрлі тағамнан ерекше тамақ жасады. Кейін бұл да эволюцияға ұшырап, заманына сай өзгеріп, Орталық Азияда орныққан тағамға айналды. Әр аймақта әртүрлі даярлайтыны тағы бар. Қазақстанда Наурыз көжені жеті түрлі тамақтан, оның ішінде ет, сүт, дәнді дақылдар да бар, жасайды.
Наурыз көженің шығу тарихы жайлы аңыз
Ежелден келе жатқан мерекеге қатысты аңыздар да бар. Мысалы, Санжар Керімбайдың «Отбасы хрестоматиясы. Әлдиден эпосқа дейін» кітабында наурыз көженің пайда болуына байланысты мынадай аңыз жазылған:
«Қазығұртқа Нұх пайғамбар күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл 22 наурыз күні екен. Пайғамбар апаттан аман қалғанына шүкіршілік етіп Құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты. Пайғамбар тәуекел дейді де, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамды әр былғаған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Алла періштелерге: «Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып қазанына кәусардан тамызыңдар. Берекемді шашыңдар» дейді. Періштелер жиналып қазанды былғайды. Азғантай жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып пайғамбардың қазанынан дәм татады. Содан бері Нұхтың бұл тағамы «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп аталыпты. Наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру — пайғамбардың сүннетіне айналыпты» деп келеді.
КСРО-ның 60 жылға созылған тыйымы
1926 жылдан бастап 1988 жылға дейін Қазақстанда Наурыз тойланбады. Ресми түрде тойланбасын деген жарлық болған жоқ, дегенмен Кеңес Одағының билігі бұл мереке «діни» деген желеумен тыйым салып, қадағалап отырды. Шын мәнінде, Наурыз ислам дінінен әлдеқайда бұрын пайда болған көне дәстүр екені ескерілмеді. Сөйтіп, ғасырлар бойы жалғасқан мейрам халық жадынан өше бастады.
Бұған қарамастан кейбір аймақта адамдар жиналып, дастархан жайып, көже пісіріп жүрді. Кейбіреуі жасырын да жасайтын.
1988 жылы Мұхтар Шаханов дәстүрімізге айналып кеткен мерекені қайтару үшін сол кездегі ҚазКСР бас хатшысы Геннадий Колбинге 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақтар оған жылы қабақ танытпайтынын түсіндіріп хат жазған. Шаханов егер ол Наурызды қайта жаңғыртса, оған халық оң көзқарас танытатынын айтқан. Бұл сол кезеңде ұлттың руханияты үшін жасалған ерліктердің бірі еді.
Наурызды жаңғыртқан Өзбекәлінің ерлігі
Қазақ даласында бұл мейрам көшпелі өмір салтымен біте қайнасып, ерекше сипат алды. Ол тек күн мен түн теңесетін шақ емес, халықтың бірлігі мен жаңаруының белгісіне айналды.
Алайда ХХ ғасырдың басындағы саяси өзгерістер бұл дәстүрге ауыр соққы болды. 1917 жылғы төңкерістен кейін кеңестік билік ұлттық мейрамдарды қауіп ретінде қабылдап, 1926 жылы Наурызды тойлауға тыйым салды. Бұл жайлы Санжар Керімбай өзінің «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында жазған. Оның сөзінше, бұл күн халықты біріктіріп, тарихи жадысын оятатын болған соң оған тыйым салған.
«Наурызға тыйымның қатты болғаны сонша, 1988 жылға дейін Орта Азияда «наурыз тойлайық» деп бастама көтеруге ешбір шенеуніктің саяси жігері жетпеген», — деп жазды Санжар Керімбай.
Соған қарамастан, мереке халық жадынан өшпеді. Санжар Керімбайдың жазуынша, қазақтар тығыз қоныстанған өңірлерде адамдар жасырын түрде жиналып, көже пісіріп, бата жасап, дәстүрді үзбеуге тырысты. Бұл — рухтың жеңілмегенінің белгісі еді.
Ол наурыздың қайта оралуына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да әсер еткенін атап өтті. Ұлттық сананың оянуы қоғамда жаңа серпін туғызып, рухани құндылықтарға деген сұранысты арттырды. Дәл осы тарихи кезеңде мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек үлкен рөл атқарды. Ол Наурызды қайта жаңғыртуды тек мереке ретінде емес, ұлттық сананы тірілтетін құрал ретінде қарастырды. Саяси шеберлік танытып, бастаманы халықтың сұранысы ретінде көрсетіп, билікке өткізе білді.
Нәтижесінде 1988 жылы Алматыда Наурыз алғаш рет ресми түрде аталып өтті. Бұл күн ел жадында ерекше әсермен қалды. Себебі еліміз 62 жылдан кейін Наурызды алғаш рет тойлаған еді.
«1988 жылы Наурыз өткізерде Өзағаң қатты қобалжыды. «Не болар екен, қалай өтер екен?» деп түнімен ұйықтамады», — деп жазды Санжар Керімбай.
Фото: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағаты
Сол күні қала мүлде басқа кейіпке енді. Көшелерде ұлттық киім киген адамдар, алтыбақан тепкен жастар, ән мен күй — бәрі халықтың сағынышын сейілткендей болды. Киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылды, балуандар күресті. Бұл тек мереке емес, ұлттың рухани қайта түлеуі еді. Наурыз тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл түркі әлемінде қайта жандана бастады. Басқа елдер де бұл бастамадан үлгі алып, ұмыт қалған дәстүрлерін жаңғыртуға кірісті. Осылайша Ұлыстың ұлы күнін атап өтіп, мейрам ретінде тойлау Қазақстанда басталып, бүкіл Орталық Азияға леп әкелді.
Фото: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағаты
Алайда уақыт өте келе мерекенің мазмұны өзгеріп, кейде өзінің бастапқы мәнінен алыстап кеткені байқалады.
«Өкінішке қарай қазақтардың Наурызда жаппай өркениет пен мәдениетке талпынуы Өзбекәлінің кезінде ғана болды», — деп жазды Санжар Керімбай.
Фото: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағаты
1991 жылдың 15 наурызында Қазақ КСР президенті жарлыққат қол қойып, 22 наурызды ресми түрде Наурыз мейрамы деп бекітті. Азаттыққа қолы жеткен халқымыз алғаш рет Алматыда мейрамды тойлады. Бүгінде Наурызды қайтадан терең мазмұнмен толықтыру — қоғам алдындағы маңызды борышымыздың бірі. Себебі дәл осы Наурыз — біздің ежелгі тарихымызбен жалғасып жатқан ұлттық болмысымызды айқындайтын мейрам. Айта кетейік, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО Наурызды Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізіп, оны Халықаралық күн деп жариялады.
Шамамен 5000 жыл бұрын пайда болған Наурыз қазақ деген ұлттың да тағдырымен біте қайнасып, ұлттық мерекемізге айналып шыға келді. Тіпті сол мерекенің ішіне кірігіп кеткен жоралғылар да пайда болды. Тамыры терең, тарихи сахнадан жүз жоғалып, жүз оралған мерекені бүгінде қазақтан бөліп алып қарау мүмкін еместей. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!