Жаһандану кезеңінде қазақ халқының ұлт ретінде дамуы үшін өз болмысын ұмытпауы өте маңызды. Көшпелі өмір салты қазақ әйеліне ерекше мәртебе берді. Ол тек үй шаруасымен айналысқан жоқ, ерімен бірге көшіп-қонып, мал шаруашылығына араласты, кей жағдайда ел ісіне де араласты.
Qaz365.kz редакциясы қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі жайлы деректерді назарларыңызға ұсынады.
Орталық Азиядағы басқа да отырықшы елдерге қарағанда қазақ әйелі атқа мініп, бетін жауып оранбай, ән айтып, айтысқа қатысып, өз дауысын шығара алды. Оған тарихтағы Томирис, Бопай, ақын Сара, Шоқанның дана әжесі ретінде танымал ел басқарған Айғаным Сарғалдаққызы секілді әйелдердің есімі дәлел.
XIX ғасырда қазақ даласын аралаған поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич өз күнделіктерінде қазақ қоғамындағы әйелдердің жағдайына таңданысын жасырмайды. Ол былай деп жазады:
«Қазақ әйелдері өздерін еркін ұстайды, ерлермен қатар сөйлесіп, пікір білдіруден тартынбайды. Мұндай көріністі мен басқа шығыс халықтарынан сирек кездестірдім».
Бұл пікір қазақ қоғамындағы әйелдің тек тұрмыстық рөлмен шектелмей, әлеуметтік кеңістікте де белсенді болғанын көрсетеді. Қазақ даласын зерттеген орыс ғалымы Григорий Потанин қазақ әйелінің мәртебесіне ерекше тоқталған:
«Қазақтар әйелдерін құрметтейді, оларды кемсітпейді. Әйел — отбасының ғана емес, бүкіл рудың абыройы».
Расымен қазақ халқы арғымақтан жал кеткенше, қара тұяқтан хал кеткенше, бойында жаны бар да елі-жері үшін және қыздың ары үшін соғысты. Жаугершілік заманда жанын алып, малын тонап жатса да қыз баласын тартып әкеткенді сүйекке таңба болатын жағдай санап арланған. Сондықтан қаны төгіліп, қабырғасы сөгілсе де қазақ халқы дәл осы соғыста аянып қалмаған.
Тағы бір белгілі зерттеуші Алексей Левшин өз еңбектерінде былай дейді:
«Қырғыз-қайсақ (қазақ) әйелдері еркіндігімен ерекшеленеді: олар ер адамдармен бірге отырып, әңгімеге араласа алады, бұл басқа мұсылман халықтарына тән емес».
Қазақ қоғамында рухани құндылықтардың сақталуы мен ұрпақтан-ұрпаққа берілуінде әйелдердің рөлі ерекше болды. Ер азамат ел қорғап, сыртқы саясатпен айналысса, әйел — ұлттың ішкі рухани өзегін сақтаушы, тәрбие мен дәстүрдің тірегі қызметін атқарды. Сондықтан қазақ әйелінің миссиясы тек ана болумен шектелмей, тұтас мәдени кодты жеткізуші деуге болады.
«Ана тілі» деген атаудың өзі осыған дәлел. Қазақ әйелі расымен «бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен». Бесік жыры, ертегі, мақал-мәтелдер және тағы басқа да жырлар мен аңыздардың барлығын да көбіне анасы балаға жеткізген. Баланың тәрбиесіндегі ананың рөлі тым ерек болған. Бесік жыры арқылы балаға тек ұйқы емес, алғашқы рухани бағдар берілді. Онда тілек, ниет, болашаққа деген сенім жатыр. Той, шілдехана, тұсаукесер, беташар сияқты рәсімдерде әйелдердің рөлі ерекше болды. Олар әр дәстүрдің мәнін түсіндіріп, оның дұрыс орындалуын қадағалады.
Бір әулетке келген жас келінді ұрпақтың жалғастырушысы, сол отбасының бір тұтқасын ұстаушы деп құрметтеген.
Жақында тарих ғылымдарының кандидаты Изатхан Медешова Qalam YouTube-арнасына берген сұхбатында қазақ қоғамында жүкті әйелдің жағдайына айрықша мән берілгенін атап өтті.
«Әйел ішке бала біткеннен бастап, белгілі бір әрекеттерге тыйым, шектеу қойылады. Жалғыз қалуға, қараңғыда далаға шығуға болмайды деген шектеулерден бөлек оған ауыр жұмысты да жасауға болмайды. Әсіресе, ай-күні жақындаған кезде бұның бәрі қауымдастық, ауқатты отбасылар болатын болса оларға көмекшілері келген. Көмек міндетті түрде жасалған. Ал асқа байланысты түйенің етін жеу — «жүктілік ұзақ болып кетеді», қоянның етін жеу — «ерні жырық болады» сондай тағамға да байланысты тыйымдар салынды. Босанған әйелдің тістері босайды. Бүкіл денелері босайды. Оны тез көтеру керек. Сондықтан да қалжа дайындалады. Әйел адам сорпаланады. Ал бұл кезде «кіндік шеше» деп аталатын арнайы ана жүреді. Ол сол бала өмірге келгенде кіндігін кеседі. Кейін ана қалпына келгенге дейінгі аралықта алғашқы көметі осы кіндік шеше жасайды».
Бұл сөздерден қазақ қоғамында ананың денсаулығы ғана емес, оның жан дүниесі мен қауіпсіздігі де назардан тыс қалмағанын аңғаруға болады. Сұхбат барысында сарапшы босанғаннан кейінгі күтімнің қалай ұйымдастырылғанын да кеңінен түсіндірді.
«Нағашы жұрты болмаса өз отырған әулеті мал сойып, ананың сорпалануына көмектеседі. Ал үйдегі шаруаны бағанағы айтқан кіндік шеше атқарады. Кіндік шеше балаға ит жейде дайындап береді. Ана қалжаланғаннан кейін орнынан тұрып, үй шаруасына араласа бастайды. Осылай кіндік шеше өзінің сый-құрметін алады да үйіне қайтады. Ана бір аптаның ішінде көтерілсе, үйде енелері, абысындары болуы мүмкін. Солай кіндік шешенің үйіне қайтуына болады. Ал ананың жағдайы ауыр болатын болса, 40 күнге дейінгі аралықта кіндік шеше қолғабыс көрсетеді. Соның есесіне кейін өзінің «қалауын» алады. Ол не сұраса да, отағасы да, баланы өмірге әкелген әйел де қалауын ризашылықпен беруге тиіс болады», — деді тарих ғылымдарының кандидаты Изатхан Медешова.
Бұл дәстүрлерден қазақ қоғамында ананың жағдайы жеке мәселе емес, тұтас әулеттің жауапкершілігі болғанын көруге болады. Қырық күн бойы ананы күту, қалжа беру, үй шаруасынан босату – бәрі де әйелдің тез сауығып, балаға толыққанды күтім жасауына бағытталған.
Қазақ әйелдері сақтаған рухани құндылықтар — ұлттың іргетасы болатын тұтас бір мәдениет болған. Ұлттың тәрбиесі, ана тілі, әдебиеті, дәстүрі, болмысы сияқты негізгі рухани бағыттарды ғасырлар бойы үзбей жеткізіп келе жатқан қазақ әйелдерінің орны ерекше болған. Отбасын асыраушы ер азаматты құрметтеп, көтеріп отырған қазақ әйелінің жауапкершілігі мен арқалаған жүгі үлкен болған.