«Оспан батыр осыдан бес-алты ғасыр бұрын туғанда Мөңке, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір сияқты даңқы қолбасшы болар еді»
Годфри Лиас
XX ғасырда Алтай өңірінде қазақ халқының азаттығы үшін күрескен, қол бастаған Оспан батыр Сіләмұлы жайлы деректер көп. Өз дәуірінде КСРО, Моңғолия және Қытай сияқты мемлекеттердің тағдырына тікелей де, жанама түрде де ықпал еткен Оспан батырдың ерлігін шетелдік жазушылар да жарыса жазып, мықтылығын мойындап жатыр.
Qaz365.kz редакциясы Оспан Сіләмұлының өміріндегі аса маңызды жағдайлар туралы батырдың немересі Өркен Нәбиұлынан сұхбат алды.
Оспан батыр қандай адам болған?
Өркен Нәбиұлы арғы бетте жүргенде Оспан батыр туралы аңызға бергісіз әңгімелерді көп естіген екен. Жасы үлкен кісілер күн құрғатпай ат ізін салып, атақты батырдың немересі өскен үйге бас сұғып тұрыпты. Олар көбіне Алтайдағы күрес пен Оспан батыр төңірегінде әңгіме өрбітетін көрінеді. Ол батырдың соңынан еріп, үзеңгілес болған, қандыкөйлек досы болған ерлер мен балуандардың көзі тірі шағы-тын.
«Атамыздың қасында жүрген кісілердің бірқатарын көрдік, сөзін құлаққа құйып алуға тырыстық. Сонда таңды-таңға жалғап айтатын әңгімелердің негізі – көтерілістің неден басталғаны, қалай өрбігені, немен аяқталғаны еді. Ол кісінің (Оспан батырдың) көзін көрген кісілер оның алған бетінен қайтпайтын туралығын, көзсіз батырлығын, өзі бастап барған қаншама соғыстың бәрінде дерлік жеңіске жеткенін айтатын», – дейді Өркен Нәбиұлы.
Оның сөзінше, Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілістің бастапқы кезеңінде бас көтеріп шыққан ерлердің қолында ешқандай қару-жарақ, оқ-дәрі болмаған екен, олар жауына жалаң қолмен қарсы шапқан. Соғысып жүріп қаруларын тартып алып отырыпты.
«Жауының мылтығын, оқ-дәрісін қолға түсіріп, қайта күресіп, сондай жанкештілік танытып, жеңістен-жеңіске жеткен. Ұлт-азаттық көтерілістегі Алтай қазақтарының теңдесіз орны, атамыздың қол бастау қабілеті мен жалпы елім, жерім деп толарсақтан қан кешкені күні бүгінге дейін айтылады. Шенді-шекпенділер байлық та, мансап та ұсынғанымен, ол бәрінен баз кешіп, күрес жолын таңдағанын бала кезден естіп өстік. Қазақтың келешегі жолында жанын пида еткен қаншама боздақтардың күрес тарихын естіп, мақтан етіп ер жеттік», – дейді батырдың немересі.
Өркен Нәбиұлы Оспан батыр тік мінезді және көп іске көкірек-көзін сала үңілетін, күмәнді жайтқа сезіктене қарайтын сақ адам болған екен дейді. Оған дейін көтеріліс бастаған батырлар сол кездегі үкіметпен «келісімге келіп», артынша түрмеде өлтірілген. Үкімет адамдары Оспан батырмен де келісімге келуге қанша тырысса да, ол сол арада көнбей, бөлек кетіпті.
«Оспан батыр өте бірбеткей адам болған. Алған бетінен қайтпайтын, жауының алдап-арбауына көнбейтін, көп нәрсеге күдіктене қарайтын кісі еді дейді атамның көзін көргендер. Халық бас көтере бастаған жылдары көтерілістің алғашқы жетекшілері Шэн Шицай үкіметінің алдап арбауына түсіпті. Олардың уәдесіне сеніп, қаруын тапсырыпты. Сол кезде атамыз «бүгін қаруыңды алса, ертең жаныңды алады» деп жанына небәрі екі серігін ертіп, Шэн Шицай үкіметімен ымыраға келмей, бөлек кеткен. Кейін осы кісінің болжамы дәл келіпті. Алғашқы көтеріліс жетекшілері, қаруын тапсырып, үкімет адамдарының құрғақ уәдесіне сеніп қалған кісілер Шэн Шицай түрмелерінде өлтірілді. Кейін халық бұл кісінің болжамы дұрыс екеніне көзі жетіп, бірлі-жарымды адам болып қайтадан Оспан батырдың қасына топтала бастаған. Сөйтіп, бұл кісілер алған бетінен қайтпай, үлкен күшке айналыпты. Бұдан түйетініміз, Оспан батыр досына мейірімді, жауына қатал, өзінен өңгеге сенбейтін, бес уақыт намазы түгел, тура мінезді адам болған», – дейді батырдың немересі.
Өркен Нәбиұлы Оспан батырға Зуқа батыр батасын бергенін тілге тиек етті.
Зұқа батыр – ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алтай өңіріндегі халықты қорғаймын деп атқа мінген қайсар қолбасшы, батыр болған кісі.
«Атамызға атақты Зуқа батыр: “Келе-келе керейдің кержақ биі атанады екенсің. Атағыңды естіп, алты алаш елеңдейді. Одан соңғысы ма, соңғысы... Әттең, кеш, арты бұлыңғыр, көзім жетпейді... Байқа, балам, байқа! Аса қайрат бас жарар”, – деп батасын беріпті. Бұл, бір жағынан, бата да, енді бір жағынан, әруақты ердің болжау сөзі екен. Ақыры ерен ердің айтқаны келді» – дейді Өркен Нәбиұлы.
«Осы атыраптың игілігін бізден кейінгі ұрпақ көруге тиіс»
Өкінішке қарай, Оспан батырдан ері, әбзелі секілді жәдігерлер мирас боп қалған жоқ. Ө.Нәбиұлының сөзінше, батырды қазіргі Қытайдың Ганьсу өлкесінде ұстап, Үрімжіге апарған. Соңыра түрмеге қамаған. Ауыл-аймағы, бала-шағасы Дуньхуаң деген жерде оқшауланып, қамақта болыпты. Олардың тіккен киіз үйі, ыдыс-аяғы, ұстаған мылтығы, ерттеген ері, т.б. жәдігер боларлық дүниелерін сол уақыттағы Қытай үкіметі тәркілеп әкеткен екен.
«Оспан батырды атқаннан соң, үкімет ауылды Алтай маңы, Көктоғай ауданына көшіріпті. Сондықтан ондай құнды жәдігерлер сақталған жоқ», – дейді батырдың немересі.
Үкімет адамдары Оспан батырға Алтайда уәли болып тұр деп ұсыныс айтқан. Байлық та, мансап та уысында болған. Алайда халқының азаттығын көздеген ол соңына дейін шайқасыпты. Ө.Нәбиұлы Оспан батыр қара жердің астындағы байлықты бермеу үшін Кеңес адамдарымен де соғысты дейді.
«Оспан батыр он екі жылдай күресіп, сол күрес жолында қанды көйлек жора-жолдасынан, үзеңгілес батырларынан айырылған, жалғыз бауырынан да көз жазып қалған, өрімдей алты баласы да соның зарпынан ажал құшқан. Алтайдың асты-үсті тұнған байлық қой. Қазіргі Көктоғайда Ресей барып уран қазды. Ал ол кісі уағында бүкіл Алтайдың тұтқасын қолында ұстаған-ды, жер үшін олармен де соғысыпты. Сонда ол басқыншыларға: “Менің міндетім – осы топырақты басы бүтін қорғап қалу. Осы атыраптың игілігін бізден кейінгі ұрпақ көруге тиіс” деген екен. Ол кісі уәли болып тұрғанда Гоминьдан үкіметі араға кісі салып: “Үрімжіге кел, Алтайды жеке дара билеп-төсте”, – депті. Оспан батыр соның қай-қайсына да илікпеген. Өйткені билік жүргізіп отырғандардың көбі “Алтайды қорғаймыз, Алтайды азат етеміз” деген батырлар емес, Кеңес одағы тағайындаған біреулер екеніне көзі жетіп, Алтайдан Көктоғай ауып, ары қарай көтеріліс ұйымдастырған», – дейді Өркен Нәбиұлы.
«Қазақ өз тізгінін өзі қолына алмай оңалмайды»
Оның сөзінше, Оспан батыр мейлінше көрші отырған Ресей үкіметіне де, Қытай үкіметіне де жалтақтамайтын дербес ел болуды көздепті. Батыр Алтайдың уәлиі болып, көп ұзамай Көктоғайға кететін тұста: «Бір атқа екі адам мінгесіп, нар қадам болмайды екенбіз. Қазақ өз-өзімен жеке болмай, өзі тізгінін өзі қолына алмай, оңалмайды екен», – деген екен. Өркен Нәбиұлы Оспан батыр болмағанда кейінгі аз ұлттар одан да ертерек қысым көрер еді дейді.
«Бұл кісі, қалай болса да, қазақтың жері мен ұлтын азат ету жолында шейіт кетті. Атамыз он жылдан аса қан төгіп, халықты бастап, қар жастанып, мұз төсенбегенде, Қытай үкіметінің аз ұлттарға істеген қиянаты, саясаты одан да ертерек жүзеге асып кетер ме еді деп ойлаймын, – дейді батырдың немересі.
«Оспан батыр жайлы, ұзын-ырғасы он шақты кітап жазылған. Көркем әдебиет, тарихи деректер, ғылыми диссертациялар, поэмалар мен пьеса сценарийлері бар. Ол кісінің мақсаты айқын еді. Шыңжаңдағы қаруланған ең негізгі әскер осы кісінің қолында болды. Жалпы байлық пен мансапты мұрат тұтса, ол қай-қайсына да қол жеткізер еді. Бәлкім, тіпті, арғы-бергі бетте де саяси қуғынға ұшырамай, жақсы өмір сүрер ме еді. Алайда ол тек елім азат, жерім аман, ұлтымның келешегі жарқын болсын деп алған бетінен танбады. Ол үш бағытта соғысқан. Моңғолия, Ресей, бұрынғы Қытайдың ақ және кейінгі қызыл үкіметімен де мәмілеге келмеген. Себебі олардың қай-қайсы да қазаққа “майлы жілік” асатпасын түсінді. Әркім өз қажетіне жаратып, жерін алып, байлығын тонап, қол астына алғысы келді. Ол кісілер сол кездің өзінде Қазақстандағы, Моңғолиядағы қазақтың жағдайынан толық хабар алып отырды. Шығыстағы, теріскейдегі елдердің үкіметі аяп қалмайтынына көзі жеткен», – дейді Өркен Нәбиұлы.
«Оспан батыр ұлтты сүюдің, жерді сүюдің теңдесіз үлгісін көрсетіп кетті»
Оспан батыр қолында әскері тұрған кезде Тибет асып, Үндістанға өтіп, Батысқа бас сауғалап кетуге мүмкіндігі болған. Алайда батыр: «Алтай топырағында өлсем, басым қалсын, болмаса сол Алтайдың топырағында жүріп тағы бір жол табармын» деп қайтып келе жатқанда жау қолға түскен. Ө.Нәбиұлы осындай қып-қызыл өрттің ішінде жүріп өліспей-беріспеген Оспан батыр туралы оғаш әңгімелерді естігенде қынжыламын дейді.
«Бұл кісіні саяси күрделі тұлға деп, есімін көмескілендіріп, еңбегін жоққа шығарып, “саясат жағынан да, әскери білім тұрғысынан да сауатсыз болды, оқымады” деген пікірін оңды-солды айтып жүрген мүйізі қарағайдай тарихшылар бар. Оларды өзге елдердің мүддесі үшін жұмыс істейтін, солардың сойылын соғатын кісілер деп ойлаймын. Шын мәнінде, сондай шығар. Кейбір тарихшылардың айтуынша, Қытаймен, не Ресеймен ымыраға келуі керек екен… Оспан батыр ұлтты сүюдің, жерді сүюдің теңдесіз үлгісін көрсетіп кетті. Атамыздың рухын сындыру үшін, тіпті, оның ет жақындарын да өлімге байлаған. Хас батыр сонда да тайсалған жоқ. Соның бәрін көріп-біле тұра, еңбегін жоққа шығаруға тырысатындар бар. Олар әлі күнге дейін “Оспан қарақшы” деген секілді айтуға ауыз бармайтын сөздерді айтып жала жауып, үгіт жүргізіп жүр», – дейді Өркен Нәбиұлы.
Фото: Моңғолия үкімет басшысы Чойболсан мен Оспан батыр.
Аты аңызға айналған Оспан Сіләмұлы тек қана батыр емес, дипломат болған. Сол кезеңдегі белді саяси тұлға болған Оспан батырдың пікірімен КСРО, Моңғолия және Қытай сияқты мемлекеттердің билік өкілдері санасқан. Әлемдегі геосаяси жағдайларға Оспан Сіләмұлы қалай ықпал еткені жайлы Ө.Нәбиұлы былай дейді:
«Сол уақытта геосаяси жағдай күрделі болды. Қазіргі Шыңжаң жерінде түрлі-түрлі талас-тартыс жүріп жатты: Қытайдың ішкі жағында Гоминьдан үкіметі мен қазіргі коммунистік Мао үкіметі азаматтық соғысқа түскен; Кеңес үкіметі аумағын екінші дүниежүзілік соғыс өрті шарпып, шырқау шегіне жеткен тұс. Осы орайды пайдаланып Шэн Шицай Шыңжаңды дара билеп, өзі дербес болғысы келді. Қолында қарулы әскері бар Оспан батырды әркім өз жағыма тартсам деп біраз тыраштанған. Сол себепті Кеңес үкіметі Моңғолия арқылы қару-жарақ жіберген. Гоминьдан үкіметі де Оспан батырдың жанында жүрген жолдастарының тілін тауып, араға адам салып, өз жағына шығаруға тырысқан. Яғни ол жан-жақтан анталаған жау – бір жағы күрес, енді бір жағы соншама саяси ойындардың бел ортасында жүрді. Бастапқыда Шэн Шицай теріскейдегі империяға қайырылғандай болғанымен, кейін неміс әскері Мәскеу түбіне жеткенде “олар жеңіледі”, “Кеңес одағы ыдырайды” деп бет бұрып кеткен. Гоминьдан да, Кеңес үкіметі де өзінен теріс айналған Шэн Шицайды ауыздықтау үшін Оспан батырды пайдаланбақ болды», – дейді Өркен Нәбиұлы.
Фото: Оспан батыр, маршал Чойбалсан және Кеңес үкіметінің өкілі И. Иванов. Қытай, 1945 ж.
Оның сөзінше, өзіне дейінгі көтерілісшілер қаруын тапсырғанда, Оспан батыр келісімге келуге көнбей, екі-ақ адамды ертіп кетіпті. Олардың бірі әрі ағасы, әрі досы Сүлеймен Бектұрлы болса, екінші ұлы Шердиман екен. Жалпы, батырдың таңдаған жолы дұрыс екенін түйсінген, алғашқы көтерілісшілер қару тапсырған соң өлім құшқанын көрген азаматтар оны өзі іздеп тауыпты.
«Оспан батырдың қасында әскери қолбасшы болған, сенімді серігі болған – Қапас Тіркесұлы деген кісі. Қапас Тіркесұлы Дунхуаңда атамыз ұсталмай тұрып жараланған, содан сол жерде қайтыс болыпты. Осы Қапас батырға оқ тиіп, ортан жілігін үзіп кеткенде: “Менен бақ таяйын дегені ме?” деп жорыған екен. Бұдан бөлек, Камал, Кәшапат, Келес, Нұрғожай, Жылқыайдар, Қуанышбай, Манат, Зарқан, т.б. секілді батырлармен қатар, өзінің үш ұлы да жанында жүріпті», – дейді Өркен Нәбиұлы батырдың сенімді серіктері жайлы.
«Құдай сені сақтап қалған екен»
Бірі білсе, бірі білмес. Батырдың жанында жүрген, бірге шайқасқан ұлдарының бірі – Нәби Оспанұлы. Біз Өркен мырзадан әкесі жайлы сұрадық. Тағдырдың жазуы болар, Оспан батырдың ауылына жау шауып, бес баласын әкеткенде осы Нәби деген ұлын апасы сырмаққа орап жасырып қалған екен. Сол кезде ұсталған балаларының бәрі де түрмеде ажал құшыпты. Оспан батыр он төрт жастағы Нәбидің иығына қару асып беріп, жанынан тастамаған көрінеді.
Фото: Нәби Оспанұлы
Нәби Оспанұлы – 1928 жылы туған Оспан батырдың бесінші ұлы. Тірі қалған ұлдарының ішіндегі үшіншісі. Сол себепті әкемізді «ел білетін үшінші ұлы» деп жүреді. Ол 1942 жылдың соңынан бастап, 1951 жылы 19 ақпан күні әкесі ұсталғанға дейін оның қасында болған. 1951 ақпан айынан 1952 жылғы қыркүйек айына дейін ағасы Шердиманмен тізе қосып көтерілісті жалғастырған кісі. 1952 жылы қыркүйек айында үкіметпен он бір тармақты келісім жасап, қаруын тапсырған. Үкіметпен келісімге келгеннен кейін Атамекені Алтайдың Көктоғай ауданына келіп, сол ауданда 2000 жылдың 28 желтоқсанында қайтыс болыпты.
Өркен Нәбиұлы кезінде әкесі аузынан тастамай айтқан әңгімелерді тілшілерімізге баяндап берді:
«Сол уақыттағы Шэн Шицай үкіметі адам шығарып, Оспан мен Сүлеймен Бектұрлының отбасын қамауға алыпты. Әскерилер бүкіл ауылды тінтіп, Оспан батырдың және Сүлеймен Бектұрұлының отбасын қолға алған. Мемей деген апамыз бес баласын құшақтап сол әскерлердің қолында кеткен. Мұны естіген Оспан батыр ертесі күні ауылға тілдесуге келгенде әкеміз Нәбиді көріп: “Құдай сені сақтап қалған екен. Бүгіннен бастап қасымда боласың” деп бір мылтық алып, арқама асып берді” деп айтып отыратын әкеміз», – дейді Өркен Нәбиұлы.
Ө.Нәбиұлының айтуынша, әкесі мерген әрі өте ширақ кісі болған екен.
«Әкеміз асқан мерген де ширақ кісі болған. 1952 жылы қыркүйек айында ағасы Шердиман бастаған топ қаруын тапсырып, үкіметпен келісімге келерде, Үрімжіден Оспан батырдың сүйегін алып, атамекеніне апарып қоюға келісіпті. Бұған қоса, сол келісімде қаруын тапсырған сарбаздардың бұрынғы іс-әрекеті кешіріліп, атамекеніне барып тұрақтайды, үкімет бір қызмет береді деген де тармақ болған екен. Сол бойынша ағасы Шердиман секілді кісілер Алтайға барып, қызметке тұрған. Әкеміз Нәби: “Мен қызмет алмаймын” деп өзінің Көктоғай ауданы Күрті ауылында қалыпты. Бұл кісі ағаш шебері еді. Киіз үйдің кереге, уық, шаңырақтарын жасайтын. Ауылында сол кәсіпті серік етіпті. Кейін 2000 жылы аурудан қайтыс болды», – дейді ол.
Бес қаруы сай Оспан батырды бір емес, бірнеше Үкімет он жылдан астам уақыт бойы ала алмаған. Ал осының сыры неде? Бәлкім, түпкі себебін оның әскери тактикасынан, күн райын, жер жағдайын жақсы білгенінен, өте сезгіш, жүйрік ойлы болғанынан іздеген жөн болар. Бұған қоса, Ө.Нәбиұлы сөзінше, Оспан батыр сарбаздарын әскери ұрыс өнеріне арнайы жаттықтырыпты.
«Мен үлкен кісілердің: “Оспан батыр қол бастап шықса, міндетті түрде жеңіп қайтатынбыз” деген әңгімесін көп естігем. Соңынан ерген сарбаздар осыған бек сенген екен. Он шақты жыл “аттың жалында, түйенің қомында” соғысудың өзі оңай емес қой. Атамыз бастаған сарбаздар ең әуелі биік жерді алуға тырысыпты. Яғни, қарауылды алдымен шапқан. Кейін оқ шектеулі болған соң, бекер ысырап етпей, әрбір оқты қадап дәл тигізетін болған. Кейбір үлкен кісілер сол кездегі бастан кешкен оқиғаларын әңгімелеп отырғанда: «Ыңғайы келсе, бірер адамды қатар атуға тырысатынбыз» дейтін. Оспан батыр ауық-ауық сарбаздарын жаттықтырып тұрған екен. Ат үстінен оқ ату, теріс бұрылып алып атқан оғын дәл тигізу, аттың бауырына тығылып тұрып көздеу секілді тәсілдерге машықтырған. Сонысы соғыста көп кәдеге жараған. Атамыз осынау күрес жолында туған інісінен, қандыкөйлек достарынан, сарбаздарынан, үзеңгілес батырларынан айырылғанын жоғарыда айттым ғой. Жалғыз інісі мен бес баласы да Шэн Шицайдің түрмесінде өлтірілді. Зия деген үлкен ұлы 1940 жылы Құмидегі соғыста оққа ұшып өлді. Он жылдан аса күрес жүргізу, әсіресе, көшпенді халық үшін, кісі бойына жетеғабыл қалың қар түсетін, аязы жан шыдатпас Алтайда осы істі қолға алу оңай емес. Ол кісі шетел асып кетемін десе де мүмкіндігі болды. Таңдаған жолы соқтықпалы, соқпақсыз екенін біле тұра тәуекел етті. Сөйтіп, қазақтың жауынгер, қайтпас батыр халық екенін көрсетіп кетті. Жалпы, ол кісінің әскери стратегиясын тиісті мамандар зерттеп жазуы керек деп ойлаймын», – дейді ол.
Айта кетейік, әкесi атылғаннан кейін де әскерін бастап, біраз уақыт бағынбай жүрген үлкен ұлы Шердиман 1952 жылдың қыркүйегінде үкіметпен келісімге келіп, Алтай аймақтық ауыл шаруашылығы мекемесінде орынбасар, одан соң Іле облыстық саяси мәслихатында қызмет атқарды. Мәдени революция кезінде түрмеде өлтірілді. Екінші ұлы Нығметолла Алтай аймақтық саяси кеңесінің мүшесі болған. Кейін мәдени революция жылдары ауыр соққы көріп, мүгедек болып, ақыры соққыдан көз жұмды.
«Оспан батыр Алаш зиялыларының идеясын қолдаған»
Өркен Нәбиұлы келер ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетін тереңірек дарыту үшін осындай қазақтың батыры жайлы деректерді мектеп оқулықтарына енгізсе екен дейді.
«Оспан батыр жайлы көп деректер айтылды. Дегенмен бәрі бірсарынды. “Ол қай жылы дүниеге келді?”, “Қай жылдары күресті?”, “Екі-үш мемлекетпен соғысыпты, сондағы мақсаты не еді?” деген секілді сұрақтарға тереңірек жауап беру керек. Жалпы, қазақтың ең көп ұлтанды бір бөлімі өмір сүрген үш аймақ – Алтай, Іле, Тарбағатай өңіріндегі қазақтардың тарихы да қазіргі қазақ тарихының бір бөлігі болуға тиіс. Тарихымыздағы XX ғасырда болған ұлт-азаттық көтерілістердің ең ірісі, ең ұзақ болғаны – Оспан батыр бастаған көтеріліс қазіргі тарихи оқулықтарымызда жоқ. Бір кездері “Рухани жаңғыру” деп шетелдегі қазақ жазбалары әкелініп жатқанын естігенбіз. Оспан батыр бастаған көтеріліс туралы айту – тек Оспан батыр жөнінде сөз қозғау емес, сол жердегі қазақтың күрескерлік рухын айту, бабаларымыздың қайтпас қайсарлығын үлгі ету, қазақтың шетелде қалған ұлтанды бір бөлігінің тарихын айту деген сөз. Атамыз туралы Америка тарихшылары, ағылшын тарихшылары көп жазды. “Оспан – қазақтың алтын аңызы”, “Осыдан төрт-бес ғасыр бұрын дүниеге келгенде, аталары Мөңке, Шыңғыс сияқты ұлы қолбасшы болатын еді” деп жер-көкке сыйғызбай мақтады…», – дейді Ө.Нәбиұлы.
Оның айтуынша, Оспан батыр Алаш зиялыларының идеясын қолдады деп айтуға толықтай негіз бар. Арғы бетке сол кездегі ашаршылық, байлардың мүлкін тәркілеу, репрессия секілді оқиғалар жайлы ақпарат жетіп тұрған.
« “Нұрғожай батырдың естеліктері. Азаттықтың өшпес рухы” деген кітап бар. Атамызды сенімді серіктерінің бір болған Нұрғожай батыр көп естелік айтып қалдырған екен. Солардың бірнешеуінде Алаш көсемдері, зиялылары туралы айтылады. Қапас Мүфти туралы да әртүрлі деректер көрсетілген. Ол кісінің шын аты-жөні басқа. Дегенмен Алтай барып, Оспан батырдың соңынан ілескенде Қапас Мүфти деген есім иеленіпті. Сол Қапас Мүфти бастапқыда атамыздың ауылында тұрып, бала оқытқан екен. Бұл кісі қазіргі физика, математика, орыс тілі деген ғылымдарға өте жетік болған. Батыр осы кісіден Кеңес үкіметі құрамындағы қазақтар туралы өте көп мағлұмат алған. Оған дейін де Алаш қайраткерлерінің жолы жайлы деректерге қаныққан. Өзім Алаш қайраткерлерінің идеясы жайлы деректер Оспан батырға ықпал етті деп ойлаймын. Алаш қайраткерлерінің бастан кешкен тағдырына көз жүгіртіп, қай-қай Үкіметке де сенуге болмайтынын ұққан деп есептеймін», – дейді батырдың ұрпағы.
Фото: Өркен Нәбиұлы
Өркен Нәбиұлы Қазақстанға 2002 жылы қоныс аударып келген екен.
«Атажұртқа келіп, білім алып, күн кешіп жатқанымызға 24 жыл болыпты. Дайындық бөлімін 2002 жылы Алматы технологиялық университетінде аяқтадым. Кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи халықаралық қазақ-түрік университетінде “халықаралық қатынастар” мамандығы бойынша тәмамдадым. 2009 жылдан бастап Алматы қаласында тұрамын. Отбасым, екі ұл, екі қызым бар. Қазір Алматы қаласында жеке кәсіппен шұғылданамын. Оспан батырдай тұлғаның немересі болудың өзі үлкен жауапкершілік, үлкен міндет әрі үлкен мақтаныш. Себебі ондай кісінің ұрпағы болғаннан кейін сәл сүрініп кетсеңіз, көп адам “тәйт!” деуге дайын тұрады екен. Алайда қай жерге барсам да, ел сыйлап жатады. «Үлкен атаның баласысың. Жолың үлкен» деп төрден орын береді. Соған сай болайық деп тырысып келеміз», – дейді батырдың немересі.
Ол елдің ықыласын, құрметін аса жоғары бағалайтынын айтты.
«Атамыз армандаған тәуелсіз елде, қазақ топырағында күн кешіп жатырмыз. Қазақстанды шартсыз жақсы көретін азаматтардың біріміз. Бала-шағама да соны айтып отырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақтай дарқан халық барда Оспан батыр жалпақ жұрттың жүрегінен мәңгі өшпейді. Осындай кісінің өр рухынан, істеген ісінен сусындап өскен ұрпақ жаман болмайды деп санаймын», – дейді Өркен Нәбиұлы.
Қай ғасырда болмасын қазақ халқының маңдайына біткен күрескер, қайраткер азаматтары болды. Қазақ халқының қайсарлығы мен өліспей-беріспейтін өр рухын көрсеткен Оспан батырдың есімі мәңгі тарихта қалатыны анық.