30 күн ораза кезінде ағзада қандай өзгеріс болады – нутрициолог түсіндіріп берді

Qaz365.kz редакциясы

Ол ағзада орын алатын процестерді тізіп берді

Скриншот

Бүгін – айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айының бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 10 сәуірде ораза айты мерекесі басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.

Оразаның мақсаты – тән мен жанның тазаруы, адам нәпсісін тыю. Ораза кезінде мұсылмандар өздерін су мен тамақтан ғана шектемейді, Аллаға тағзым етіп, оған құлшылық етеді. 

Нутрициолог Индира Сейілбекова 30 күн ораза кезінде ағзада болатын өзерістерді тізіп берді.

«Ең бірінші апта – ағзамыз үшін қиын кезең. Өйткені бірінші аптада денеміз жаймен детокс (ред. детоксикация) процесін бастайды. Шамамен 8 сағаттан кейін ашығу басталады. Яғни қандағы қант деңгейі түседі. Артериалды қысым түседі. Бас ауырады. Яғни бұлардың барлығы тазалану процесінің іске қосылғанын білдіреді. Сонымен қатар бірінші аптада қатты әлсіздік байқалады. Мұның себебі – денемізге энергия беретін глюкоза жоқ. Бұрын ағзамыз глюкозаны тамақтан алған болса, бұдан кейін денеміз глюкозаны денемізден артық майдан немесе бұлшық еттен суырып алатын болады», – дейді Индира Сейілбекова.

Оның айтуынша, жалпы ашығудың өзі асқазан-ішек жолына жақсы әсерін береді. Өйткені ашығу кезінде тоқ ішек тазаланады. Тоқ ішектің қабырғасында жабысқан, қатып қалған фекалиялар ери бастайды екен.

«Біздің иммунитетіміз күшейеді. Мұның барлығы оразаның бірінші аптасында іске қосылады. Екінші аптада денеміз ашығуға үйренеді. Сонымен қатар қарқынды түрде өзін-өзі емдеу процесі іске қосылады. Себебі кейбір кісілерді бұрын мазаламаған сырқаттары қайта «оянуы» ықтимал. Бұл дегеніміз ішіміздегі лимфоциттердің денеміздегі өлген және ауру клеткаларды қарқынды түрде сыртқа шығаруымен тікелей байланысты. Оразаның үшінші және төртінші аптасында денеміз ашығуға үйренеді. Ең бастысы, адам өзін жақсы сезіне бастайды. Деміміз тазарады, энергиямыз артады. Мидағы тұман кетеді, есте сақтау қабілетіміз жақсарады. Мұның бәрі детокс процесінің жаймен аяқталғанын білдіреді. Жалпы, дінімізде жаратушымыз бізге зиян келтіретін ештеңені үкім етпеген. Сол үшін ораза деген бізді қинайтын емес, керісінше бізді емдейтін, тазалайтын парыз амал екенін ұмытпайық», – дейді нутрициолог.