Рәбиға Сәтіғалиқызы – сөз танудың шебері

Qaz365.kz редакциясы

Ғалымның тілтанымдық тұжырымдары

Ашық дереккөзден

Қазақтың сөзін сөйлеткен ғалым Рәбиға Сыздық өзінің құнды екі еңбегін «Сөз құдіреті» және «Сөздер сөйлейді» деп атау себебінің үлкен мәні бар. Қазақ стилистикасының негізі де осында.  Ғалымның пайымдауынша, қаламгердің сөз қазынасын зерттеу лингвистикалық стилистика аясына сыймайды. Себебі көркем сөздің жұмсалар тұсы әр алуан және әр қырлы. Расымен де, көркем шығарманы талдау барысында бірнеше іріктеу, жинақтау әрекеттері қоса атқарылады, яғни қаламгердің көріктеуіш амалдары, ерекше синтаксистік құрылымдары, бейнелеу амалдары (портреттеу, пейзаждау, абстракциялау, деректендіру, аллитерациялау, т.б.), сөзойнатым тәсілдері, диалогтік құрылымдары, мінездеу, сипаттау, адам бейнесін сомдау әдістері түгел қамтылады. Бұл талдаулар жүйесі тіл стилистикасының аясына сыймайтынын ғалым Рәбиға Сыздық о баста білген екен. Сондықтан сөз танудың жүйесін екіге бөліп қарастыруды ұсынған деп танимыз.

Ғалымның тұжырымынша: «Сөздің құдіретін анықтау, яғни лингвистикалық стилистика екі бөлімнен тұрады: біріншісі – қалам иелерінің белгілі бір шығармаларының тілдік-стильдік бітімін сипаттауға, екіншісі – қазақ тіліндегі көркем әдебиет стилі, оның тілін зерттеу  мәселелеріне арналады». «Сөз құдіреті» кітабында ғалым 10 жазушының көркем тіліне талдау жасайды. Бірі роман-эпопея тілін зерттеу үшін қажет болса, бірі тарихи романдар тілі мен тарихи сюжеттерді баяндаудағы сөз өрнегін зерттеу үшін керек болды.   Енді бірі  жанр өзгешелігіне қарай таңдалса, келесісі жаңа сарындағы, жаңа тақырыпта баяндалған өмірді суреттеу тілі үшін қажет болды.

Жазушы тілін зерттеуге арналған ғалым Рәбиға Сыздықтың «Сөз құдіреті» еңбегінде ұсынылған тілтанымдық тұжырымдарын ұсынғалы отырмыз:

СӨЗ дегеніміз – тілдің ең кішкентай кірпіші» – «жеке сөз» деген мағынада емес, тілдің қолданысы, яғни көркем әдебиеттегі тілдің көрінісі (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СӨЗ дегеніміз – тіл ғимаратын қалайтын негізгі кірпіш (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СӨЗ ҚҰДІРЕТІН ТАНЫТУ  дегеніміз  –  жазушы  тілінің  көркемдігін,  сол  көркемдікті жүзеге асырып тұрған тілдік құралдар мен тәсілдерді көрсету (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ҚАЗАҚТЫҢ  КӨРКЕМ  ӘДЕБИЕТІ  халықтың  рухани-эстетикалық  қажетін  толығынан  өтеп,  ұлттық  ұйымдастырушылық  қызметін  атқарып  келеді.  Сондықтан  оның  тілін зерттеу – бүгінгі мәдени дүниеміздің қажеттілігі (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

КӨРКЕМ  ӘДЕБИЕТ  –  ұлттық  қазына,  өйткені  мұнда  ұлттық тілдің  сөз  байлығы  мейлінше  мол  жұмсалады (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ҚАЗАҚ ТІЛІ – жалпы түркі-монғол тілдері сияқты синонимикасы бай тіл (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СӨЗҚОЛДАНЫС – жазушы  шеберлігінің  айнасы.  Сөзқолданыс деген  мәселе  –  көркем  шығарма  тілін танытудың ең бір өзекті тұсы, мұнда стильдік-шеберлік жайттары сөз болмақ (мысалы, сөздердің бір тақырыптылығы, модальдық  бояуларының  біркелкілігі,  бір  сөздің қайталануы, белгілі бір тұлғалардың жиі (актив), не сирек (пассив) қолданылуы, синонимдердің қолданысы  дегендерге барып  тіреледі) (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

Көркем  туындының  тілін  лингвистикалық  стилистика  тұрғысынан талдау дегеніміз – тілдің жеке бірліктерін түгендеп  атау  емес,  сол  бірліктердің,  айталық, сөздердің, тіркестердің, сөйлемдердің қолданысын, қолданыстағы көрінісін зерттеу (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

АБАЙ – қазақтың жазба әдеби тілінің ұлттық кезеңінің бастаушысы (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

М.ӘУЕЗОВ – сол тілдің көркем проза, драматургия, публицистика, ғылыми әдебиет стильдері деп танылатын тарамдарының іргетасын қалаушылардың ірілерінің бірі, көшбастаушыларының зоры (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ЖАЗУШЫ ТІЛІ  дегенде, ең алдымен, ойға оралатыны да, іздейтініміз де – оның суреттеу шеберлігі, көркемдік әдістері (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

«АБАЙ ЖОЛЫ» ЭПОПЕЯСЫНЫҢ ТІЛІ – шын мәнінде «ой мен  сезімге  бірдей  әсер  етерлік»  айшықты  да әсем тіл. Әсіресе төлтума тіліндегі «Абай жолының» ғажайып  тартымдылығы,  сүйсіндірер  қасиеті  –  тілінің поэтикалық феноменінде (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

М.ӘУЕЗОВ ТІЛІ – оқырманға эстетикалық ләззат беретін әсем тіл. М.Әуезов қазақ тілін сөзге бай тілдердің қатарына қосады (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ШЕРХАН МҰРТАЗА – үлгі тұтатын жазушы (мақал-мәтелдерді,  дәстүрлі  фразеологизмдерді бұзбай, дұрыс қолдану тұрғысынан). Мұны әдейі атап отырған  себебіміз – қазіргі көптеген прозаиктер, солардың ішінде аса  танымал, мықтылары да мақал-мәтелдерді уәжсіз (мотивсіз)  өзгертіп  қолданатын  болып  кетті,  уәжсіз  дейтін  себебіміз  –  олар  поэзияда,  өлеңнің  ұйқас,  ырғақ,  өлшем  сияқты  шарттарына  орай  сәл  өзгертіліп  қолданылуы  мүмкін,  ал  мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі текстің мазмұндық-логикалық сүйегін  бекіту  болғандықтан  және  прозада  өлшем,  ұйқас сияқты  сыртқы  факторлар  орын  алмайтындықтан,  олардың тіл тәжірибесінде әбден орныққан, дәстүрлі, көптеген аймаққа ортақ  үлгілерін  өзгертпей  қолдану  қажет.  Өйткені  бұлар  – жалпыхалықтық қазына, ал ортақ қазынаны себепсіз бүлдіруге құқымыз жоқ (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ –  әсерлі эпитеттерді  табуға  шебер.  Ол  әсерлілік  мағыналары  жағынан  бір-біріне  жуыспайтын  сөздерді  тіркестіру  амалымен  де  жүзеге  асады (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СЕЙДАХМЕТ БЕРДІҚҰЛОВ жазғандарын көпшілік қауым, оның ішінде сөз қадірін білетін оқырмандар қызыға, сүйсіне қабылдайтын жазушы. Қызықтыратын да, сүйсіндіретін де – оның айтпақ ойларының салмақтылығы, тақырыптарының бүгінгі өмірмен, өздеріміздің  ой-армандарымызбен  қабысып  жатқандығы, конфликтілер  нанымдығы (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ЖАЗУШЫНЫҢ СӨЗ ТАҢДАУЫ  дегенде өз баяндауына (автор тіліне), сондай-ақ кейіпкер тіліне қажет лексика топтарын дұрыс, орынды, шебер қолдануына назар аударылады. Бұл ретте жазушының этнографизмдерді,  тұрмыстық  сездерді,  жергілікті  немесе кәсіби сездерді, көне және сирек жұмсалатын сөздерді алғашқы проза жанрында қалайша таңдағаны, жұмсағаны айтылмақ (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ЖАЗУШЫНЫҢ СӨЗ ҚОЛДАНЫСЫ  деген  мәселе  –  көркем  шығарма  тілін танытудың ең бір өзекті тұсы, мұнда стильдік-шеберлік жайттары сөз болмақ (мысалы, сөздердің бір тақырыптылығы, модальдық  бояуларының  біркелкілігі,  бір  сөздің  қайталануы, белгілі бір тұлғалардың жиі (актив), не сирек (пассив) қолданылуы, синонимдердің қолданысы  дегендерге  барып  тіреледі) (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СӨЗ  ӘРЛЕУ деп  отырғанымыз  да  –  айналып  келгенде  сөз  таңдау, сөз қолданысы дегендеріміз сияқты, көркем шығарма тіліндегі жеке сөздердің (және тіркестердің) «қылығы»: қызметі, стильдік жүгі деген тұтас құбылысқа кіреді. Әсіресе «сөз  әрлеу»  дегенде  сөздің  көріктеу  құралы  ретінде  келген, сөзбейне болып көрінген сәттері талданады (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

«АЙШЫҚТЫ ТІЛ» жасаудың үлкен бір амалы – фразеологизм деп аталатын сөз тіркестерінің барын пайдаланып, жоғын тудыруда. Екі шақпақ тасты бір-біріне соққанда, от ұшқыны пайда болатынындай, екі-үш сөзді бір-біріне тіркестіре жұмсағанда, көркемдік ұшқыны – тың образ туады. Ал сол сөздердің тіркесу қабілеттерінің ұшы-қиыры  жоқ.  Тек жазушылық  шеберлігің болсын, тіл құдіретін сезе білетін дарының болсын және тілге деген зор жауапкершілігің болсын – сол күнде шығарманың көркемдік-эстетикалық қасиетіне тәнті боласың (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ЖАЗУШЫ ШЕБЕРЛІГІНІҢ АЙНАСЫ – кейіпкер  бейнесін  жасау  немесе  белгілі  бір  оқиғаны, құбылысты, іс-әрекетті баса көрсету мақсатымен жеке сөздер мен тіркестерді стильдік объект ету (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

КЕЙІПКЕР ТІЛІ және автор тілі – шығарма композициясын құрайтын бірліктер, стильдік категориялар (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

КЕЙІПКЕР СӨЗІ және автор сөзі – композициялық-синтаксисті құрайтын тілдік қатегориялар. Кейіпкер сөзі – образды ашатын, шығарманы шындыққа жанастыратын құрал (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ТІЛ – автордікі, баяндау, суреттеудегі ҮН (тон) – кейіпкердікі. Тіпті автордың өзі айтып тұрған күнде де көзінің бір киығын кешегілердің таным-түйсігі  мен  бүгінгілердің  талғам-талабына  тастап  отырған (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СӨЗ ТАНДАУ – синонимдерді,  экспрессивтік  сөздерді, жергілікті ерекшеліктер мен көне, сирек сөздерді, этнографизмдерді орнымен қолдана білудің шығармашылық тәсілі (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СӨЗ ДҰРЫСТЫҒЫ дегеніміз – тілдің құрылымдық, яғни  сол  тілдің  табиғатына  тән  заңдылықтарының  сақталуы (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СТИЛЬ  ТЕЗІ дегеніміз – көркем шығарманың тілдік материалдарын белгілі бір әлеуметтік ортаға немесе белгілі бір  тарихи кезеңге, әдебиеттің белгілі бір бағытына, жанрына т.б. қарай үйлестіріп, таңдап қолдану (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ТЕҢЕУ – таным нәтижесі. Сондықтан теңеулердің дені этнографиялық, ұлттық сипатта болады (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

КӨНЕ СӨЗДЕР – көз бояушы сияқты сиқыры бар дүниелер. Олар қарапайым оқырман түгіл, «сөз жиған» жазушыны да шатастырып жібере салады. Мысалы, М.Мағауин кішілік сөзіне келгенде, осылайша «көзі байланып» қалған. Бұл – көне түркі сөзі, кіс - кісі - кіші сөзінің бір мағынасы – «адам, кісі» болса, екінші мағынасы – «жұбай, біреудің әйелі», кісі (кіші алу – «үйлену» дегеңдерді білдірген. Қазақ тілінде бұл – «кішілікке бару, алу» деген тұлғада жалпы «әйел етіп алу» деген ұғымда қалыптаскан, көнеден қалып қойған «сарқыт» (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СИНОНИМ дегендер – тек  мағыналас  (мәндес)  келген  сөз қатарлары ретінде лексикалық категория ғана емес, қолданыста,  әсіресе көркем сөзде ең қуатты, икемді, актив стильдік құрал (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ЕТІСТІКТЕР – динамиканы (қозғалыс, қимыл, әрекетті) білдіретін сөз табы. Онсыз бір нәрсе жайында баяндау мүмкін емес. Көбінесе шақтық, жақтық бір тұлғадағы етістік баяндауыштар сөйлем сайын қайталап келіп отыруы мүмкін, бұл  баяндалатын  оқиғаға  байланысты (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ПЕРИФРАЗ дегенімізбір нәрсені немесе құбылысты, іс-әрекетті олардың бір белгісін, бір қасиетін көрсетіп, ауыстырып атау (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

СИНТАКСИС  –  көркем  текстің  «жанды»  көрсеткіші (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

ДИАЛЕКТИЗМ – таралу аясы шектеулі жергілікті сөздер.  Диалектизм –  табылсын-табылмасын, негізінен белгілі бір өңірде ғана қолданылатын, қалың көпшілікке мағыналары бейтаныс сөздер.  Біздіңше,  бұлардың  барлығы  да  –  лексикамыздың қорына ену мүмкіндігі бар әлеуетті (потенциалды) сөздер (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»).

Ғалым Рәбиға Сыздықтың талдауынан жиналған қарапайым сөздер

БОЗЫМБАЙ   – жуас, болбыр («Бұл неғып тап осынша бозымбай болды  екен?»  Ә.Кекілбаев).

КЕЛГІНБАЙ келіп-кетіп жүретін ауыл адамдары («Төтеден  қосылған келгінбайлар» – С. Жүнісов).

ОТТАУБАЙөтірік сөз  («Оспанның шығарып жүрген оттаубайы» – О. Бөкеев).

Ғалым Рәбиға Сыздықтың зерттеуінен жиналған сирек қолданыстағы сөздер

АЛҚҰЛЫМДАУ. Орталарынан алқұлымдап дарын шыққандай болса, дандайсып кетпей... Тек алғұлымдап аман-есен ортамызға қосылса дейміз ғой. (О.Бөкеев)

ҚАҢҒЫЛЕСТЕУ. Адасқан қаздай қаңғылестеп  жүргені. (О.Бөкеев)

АДАҒАЙЛАУ. Атып  тұрып адағайлап әр  тұсқа  коз  жүгіртіп  еді. (О.Бөкеев)

ҚАПТАҒАЙЛАУ. Қар ұшқындап, қаулаған өрттей қаптағайлайды. (О.Бөкеев)

АҢЫЛЖУ. Ата  қоныстың аңылжып иесіз  қалғанына... . (Ә.Кекілбайұлы)

МӘТІБИСІНУ. Мақы  тұқымының мәтібисініп,  салқомсоқтанып, балағы  жырық шалбар киіп  тәмпіштенгеніне  жынымыз келуші еді. (Т.Әлімқұлов)

АЛАҒАРЖАҚТАНУ. Әлденеден  көңілі  алағаржақтанып.... (Т.Әлімқұлов)

КӘРІМСІТУ.  ...Әдемі ақ сүр бетін кәрімсітіп көрсетті. (Т.Әлімқұлов)

АЛААҒАТТАНУ. Құжыра  сырт  сылағы  түсіп,  алағаттанып қалыпты. Жол ер қажаған ат арқасындай алағаттанып  көрінеді (Д.Досжан).

ӘҢКҮСТЕНУ. Ендігі  буын әңкүстенбей,  әділ  етсе. (Д.Досжан).

ОШАҢ ЕТУ. Таяу  төңіректе ошаң еткен жан жоқ. (М.Мағауин) Академик Р.Сыздық зерттеген аталмыш қарапайым және сирек қолданыстағы сөздердің мағынасын  ғалымның “СӨЗ ҚҰДІРЕТІ” еңбегінен оқи аласыздар.

Айгүл Әмірбекова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты