Болат Мажағұловтың қанша жылға сотталғаны белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы
Фото: primeminister.kz

Елордада Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен оның сыбайласына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сот Болат Мажағұловты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп таныды. Оған Есіл өзеніндегі "Күн" субұрқағының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылды.

2016 жылы Астана күнін мерекелеуге арналған "Күн" субұрқағын салу кезінде субұрқақтың құрылысына келісім-шарттар мемлекеттік сатып алу рәсімін жүргізбей жасалған. Субұрқақ жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей тұрғызылған, – делінген сот хабарламасында.

Сот шешімімен мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажагұлов 8 жыл 6 айға сотталды. 

Іс бойынша тағы бір айыпталушы, мердігер ұйымның өкілі Мәди Қанапин 3 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол мемлекет қаржысын жымқыру (ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы) және қылмыс жасауға жәрдемдесу (ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі) бойынша кінәлі деп танылды.

Сондай-ақ сот Мажағұлов пен Қанапиннен 1 миллиард 86 миллион теңге көлеміндегі  шығынды өндіру туралы шешім шығарды.