Халықаралық іздеуде жүрген алаяқ Германиядан экстрадицияланды

Nur-Altay Umirzak

Ол екі сыбайласымен алдын ала сөз байласу арқылы жалған компанияларды құрған

Сурет: Бейнеден кадр

Алаяқтыққа күдікті кәсіпкер Германиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Бас прокуратураның қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Германия Федеративтік Республикасынан аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасаған күдіктіні қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады. Аталған тұлға 2023 жылдың қаңтарында екі сыбайласымен алдын ала сөз байласу арқылы жалған компанияларды құру жолымен қазақстандық жұмсақ бидайдың ірі партиясын жеткізіп беремін деп кәсіпкерді алдап, жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам қаражатын иемденген.Қылмыстық қудалау органдары күдіктілердің бірін ізін суытпай ұстады, ал қалған екеуі жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды. 2024 жылдың қазанында іздеуде жүргендердің бірі Германияның Нюрнберг қаласында ұсталып, одан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге қайтарылды”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.