"12 кг алтын, екі пәтер, он автокөлік": Шымкентте қаржы пирамидасының заңсыз қызметі анықталды

Nur-Altay Umirzak

Бұл қаржы пирамидаға 4 мыңнан астам салымшы тартылған

Сурет: Бейнеден кадр

 Шымкент қаласында «Nazira Gold» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Қаржы мониторинг агенттігі мәлімдеді.

“ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Өздерін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайынғы табыс деп уәде берген. Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Нәтижесінде қаржы пирамидаға 4 мыңнан астам салымшы тартылған. Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған. Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленді”, – делінген ҚМА хабарламасында.

 Күдіктілер екі айға қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қаржы пирамидасының салымшыларының жалпы шығындары анықталып жатыр.