Қазақстандық заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, Әзірбайжанға қашып кеткен

Nur-Altay Umirzak

Оған халықаралық іздестіру жарияланған

Сурет: Бейнеден кадр

Қазақстандық заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы Әзірбайжаннан экстрадицияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ҚР Әзербайджандағы Елшілігінің көмегімен Қазақстан азаматшасын заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады. Аталған тұлға 2023 жылы Алматы қаласында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, сол үшін аса ірі көлемде пайда тапты деген күдікке ілінген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланды. Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Баку қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.