Алматының кәріз жүйесіне жауапты тұлға 75 млн теңге пара алмақ болған

Nur-Altay Umirzak

Ол кәсіпкерлерді бопсалау арқылы пара алып, заңсыз сатып алу фактілерін жасырмақ болған

Сурет: Бейнеден кадр/Антикор

«Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры қайта сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Бұған дейін, ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры М. Жолдыбаевтың үкімін жариялады. Ол орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді”, – делінген Антикор хабарламасында.

Сот залында сот үкімі оқылған соң кінәлі лауазымды тұлға бірден қамауға алынған.