Павлодардағы алаяқтық схемасы: Мүгедек балаларды оңалту орталығынан 7,6 млн теңге жымқырылған

Nur-Altay Umirzak

Орталық басшысы жалған шарттар жасасқаны анықталды

Сурет: istockphoto.com

Павлодардағы мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында алаяқтық схема ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас Прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Павлодар қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын оңалту орталықтарының бірінің басшылығының мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсеткені үшін төлемақыны заңсыз алу фактілерін анықтады. Орталық басшысы жалған шарттар жасасқаны анықталды, соның негізінде көрсетілетін қызметті алушылар ұзақ уақыт бойы орталыққа бюджет қаражаты есебінен көзделген қызметтер үшін ақы төледі. Бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне жалпы сомасы 7,6 млн теңге көлемінде зиян келтірілген”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Алаяқтық фактісі бойынша Павлодар қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізілуде.