230 миллион шығын: Қырғызстан Қазақстан азаматшасын экстрадициялады

Nur-Altay Umirzak

Ол 2023 жылы Алматыда банк қолданушыларынан ақша жымқырған

Сурет: Бейнеден кадр

Қырғыз Республикасы Қазақстан азаматшасын экстрадициялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасымәлімдеді.

“Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан азаматшасын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады. Аталған тұлға 2023 жылдың маусымында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Алматы қаласындағы банктердің біріне клиенттердің атынан олардың банктік шоттарына тіркелген абоненттік нөмірлерін өзгерту туралы хабарламалар жіберіп, осылайша банк шоттарына қол жеткізген. Осыдан кейін күдікті қашықтан қол жеткізу арқылы 5 жәбірленушінің шотынан «дропперлердің» банктік шоттарына ақша аударып, олардың қаражатын иемденген. Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 230 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Бішкек әуежайында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.