6,8 млн теңге ұтыс ретінде қолма-қол алғанымен борышын өтемеген
Ұлытау облысында жалпы алимент бойынша берешегі 43 млн теңгені құрайтын 22 борышкер букмекерлік кеңселердің сайттарында тіркеліп, ұтысты болса да балалары үшін бір тиын бермеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі міәлімдеді.
“Ұлытау облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.Шара аясында борышкерлердің тұрғылықты мекенжайлары араланып, атқару құжаттардың талаптарын орындау қажеттілігі туралы хабарлама табысталып, мемлекет пайдасына және алимент берешектерін өтеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Алиментті төлеу міндеттемелерін орындауы үшін қажетті шаралар қабылданып, 2 борышкердің көлігі арнайы тұраққа қойылды, 5 борышкердің жүргізуші куәліктерін уақытша тоқтату үшін сотқа жолданды.Сонымен қатар өңірде жалпы алимент бойынша берешегі 43 млн теңгені құрайтын 22 борышкер букмекерлік кеңселердің сайттарында тіркеліп, айналымы 10,6 млн теңгеге бәс тігіп, оның 6,8 млн теңгесін ұтыс ретінде қолма-қол алғандығы анықталды”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған іс-шараның басты мақсаты жазадан құтылмаушылық қағидатын сақтау, айыппұлдар мен алиментті төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер мен іздеуде жүрген автокөлік құралдарын анықтауға бағытталған. Бүгінгі күнге Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 8 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 3 әкімшілік жауаптылыққа тартылып, алимент бойынша 4,8 млн теңге өндірілген.