Қостанай облысында 2 мыңнан астам тұтынушысы болған есірткі арнасы анықталды

Nur-Altay Umirzak

 Тінту барысында қылмыстық топтан 30 келіден астам марихуана мен гашиш анықталды

Сурет: Бейнеден кадр

Қостанай облысында 2 мыңнан астам тұтынушысы бар интернет дүкеннің есірткі арнасы анықталды,  деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Қаржы мониторинг агентігі мәлімдеді.

“ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті Прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік желілер арқылы есірткі таратумен айналысқан арнаны анықтап, оның қызметін тоқтатты. Күдіктілер 2024 жылдың мамырынан бастап «Thс Seller» атауымен Telegram-арнасында интернет-дүкен ұйымдастырып, есірткі заттарын сатқан. Төлемдер қолма-қол ақша және криптовалюта арқылы қабылданған. Тінту барысында 30 келіден астам марихуана мен гашиш, ұялы телефондар және 5 банк картасы тәркіленді.Анықталғандай, интернет-дүкеннің 2 мыңнан астам тұтынушысы болған, және 100 миллион теңгеден астам сомаға 5 мыңнан астам есірткі саудасы жүргізілген. Қылмыстық жолмен келген табысты жасыру мақсатында күдіктілер Telegram мессенджері арқылы дроптарды – яғни жалған тұлғаларды – тартқан. Бұл тұлғалар атына банк карталары рәсімделіп, сол карталар арқылы ірі көлемдегі ақшалай қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Есірткі тасымалы үшін күдіктілер қылмыстық табыстың есебінен 2 автокөлік пен мотоцикл сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына тіркеген. Сот санкциясымен бұл көлік құралдарына тыйым салынды”, – делінген ҚМА ақпаратында.

Қазіргі уақытта күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынған. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.