"20 мың теңге пара алған": Қостанайда 2 инспектор өмір бойына қызметтен шеттетілді

Nur-Altay Umirzak

Олар 13 жүк көлігі жүргізушісінен карантинге жатқызылған өнімді тексерусіз өткізген

Сурет: Ауыл шаруашылық министрлігі

Қостанай облысында 13 пара беруші және 2 инспектордың фитосанитарлық бекеттегі сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

“Қарабалық аудандық соты Қостанай облысының фитосанитарлық бақылау бөлімінің екі бас маманына үкім шығарды. Олар 13 жүк көлігі жүргізушісінен карантинге жатқызылған өнімді тексерусіз шекарадан кедергісіз өткізгені үшін 2-ден 20 мың теңгеге дейін пара алған. Инспекторлар мен 13 пара беруші мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, инспекторлардан алынған пара сомасы өндірілді. Сот мемлекеттік айыптаушының өтініші бойынша қызметкерлер арасында профилактикалық жұмысты күшейту және болашақта сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жою мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне – жекеше қаулы шығарды”, – делінген прокуратура хабарламасында. 

Үкім пара алушылардың әріптестерінің қатысуымен ашық жарияланып, заңды күшіне енген.